Шығыс Қазақстанда қатты желден дала өртінің беті қайтпай жатыр
Шығыс Қазақстан облысында қатты жел салдарынан дала өртінің беті қайтпай жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Өскеменде өрт сөндірушілер дала өртімен күресіп жатыр.
Тілсіз жау 27 маусымда қаладағы Станиславский көшесінің бойындағы Скалистое саяжай қауымдастығында шыққан. Жалынның жалпы ауданы - шамамен 2 гектар.
«Ашық алаңда шөп өртенуде. Жағдайды қатты жел мен техниканың жетуіне қиын таулы жер қиындатуда. Өртті сөндіруге облыстық ТЖД мен орман шаруашылығынан 68 адам және 13 техника жұмылдырылды», - делінген ақпаратта.
Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде халыққа қызмет көрсету орталығы отқа оранғаны хабарланған.