ДКО: Овариден Қазақстан намысын қорғайтын спортшылар анықталды
Бұл ойын елде қатты дамымаса да, спортшылар алтын медальға көз салуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Овари – Батыс Африка халықтарының зияткерлік ойыны. Оны екі адам ойнайды. Ойын тақтасында екі қатарда орналасқан алты бірдей шұңқырша болады, олар бірге 12 кішкентай шұңқыршаларды құрайды, сонымен қатар, ойыншыларда тастарды жинайтын үлкен жинақтаушы сақтау шұңқыршалар болады. Овари ойыны 48 шармен ойналады. Тақтаның өз жағындағы алты кішкентай шұңқырша ойыншының алаңы, ал қарама-қарсы алты шұңқырша сәйкесінше қарсыластың алаңы болады. Ойыншылар өз қоймасында мүмкіндігінше көп шар жинауға тырысады. Кім көп шар жинаса, сол ойыншы жеңіске жетеді.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары дирекциясының мәліметінше, қыркүйек айында бірнеше елден келген спортшылар тоғызқұмалақтан бөлек, түріктің мангала және африкалық овари ойындарынан өзара мықтыны анықтайды.
Тоғызқұмалақтан ұлттық құрама бас бапкері Айнұр Әбсадыққызы ел намысын қорғайтын спортшылардың овариден алтын медаль алуға қауқарлы екенін айтты.
– Овари ойыны Қазақстанда қатты дамымаса да, халықаралық жарыстарда спортшыларымыз жақсы өнер көрсетіп жүр. 2006 жылғы Лондон зияткерлік ойындар олимпиадасында, Канн фестивалінде жүлде алды. Қазақстан құрамасы 2018 жылы Қырғызстанда өткен IIІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында овариден жарқын жеңіске жетті. Овариден ұлттық құраманың үздік спортшылары ел намысын қорғап, екі алтын медаль жеңіп алды. Әсел Далиева мен Диана Кенина командалық есепте алтын медаль алса, әйелдер арасында жекелей есепте Әсел Далиева алтын жүлдеге ие болды, – деді ол.
Ағымдағы жылы 5-6-наурыз күндері Қызылорда қаласында овариден тұңғыш рет ерлер және әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионаты өтті. Чемпионатқа 27 спортшы қатысқан.
– Осы чемпионат қорытындысы бойынша V Дүниежүзілік қөшпенділер ойындарында овариден ел намысын қорғайтын спортшылар анықталды. Олар – тоғызқұмалақтан ҚР еңбегі сіңген спорт шебері Серік Ақтаев, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ернұр Мерешев, тоғызқұмалақтан ҚР еңбегі сіңген спорт шебері Әсел Далиева және тоғызқұмалақтан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Аңсаған Қожанәсіп, – деп атап өтті дирекцияда.
Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы баспасөз қызметінің мәліметінше, бас бапкер Айнұр Әбсадыққызы Африка елдері, Антигуа-Барбуда және Қырғыз Республикасының спортшыларын овариден басты қарсыластарымыз деп есептейді. Ұлттық құрама спортшылары playok.com платформасында онлайн дайындалып жатыр.