Топырақ астында қалған павлодарлықтардың жағдайы белгілі болды

Топырақ астында қалған павлодарлықтардың жағдайы белгілі болды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Оқыс оқиғадан зардап шеккен үш адам ауруханаға жеткізілген болатын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

13 сәуір күні орын алған қайғылы жағдайдан зардап шеккендер бірден №1 қалалық ауруханаға жеткізілген еді. Олардың қазіргі жағдайы туралы аталмыш аурухананың баспасөз қызметі мәлімдеді.

- 1966 жылы туған ер адам жансақтау бөлімінен политравма бөліміне ауыстырылды. Ал 2001 жылы туған науқас әлі де жансақтау бөлімінде бақылауда жатыр. Барлығының жағдайы тұрақты, - делінген хабарламада.

Ал зардап шеккен үшінші азамат - 1970 жылы туған ер адам амбулаторлық емдеуге жіберілген.  

Еске сала кетейік, Павлодар қаласында су құбырларын жөндеу кезінде қазылған шұңқырға топырақ құлап, бірнеше адамды басып қалған. Өкінішке қарай, олардың екеуі оқиға орнында қаза болды.