Павлодар облысында сәбіз бағасы арзандады
Аймақта тұтыну тауарлары мен қызметтеріне баға және тарифтердің қаншалықты өзгергені белгілі болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық статистика басқармасының мәліметінше, өңірде 2024 жылғы сәуірде тұтыну бағаларының индексі 100,3 пайызды, азық-түлік
тауарларына – 100,1, азық-түлік емес тауарларға – 101, ақылы қызметтерге – 100 пайызды құрады.
Азық-түлік тауарлары тобында құс еті үш пайызға, жұмыртқа, балық және теңіз өнімдері бір пайыз, тұзсыз сары май – 0,7 пайызға, кондитерлік өнімдер – 0,3 пайызға қымбаттады.
Көкөністер мен жемістерден қырыққабат бағасы 8,5 пайызға, алма – 4,2 пайызға, қызылша – 3,8 пайызға, картоп – 2,6 пайызға қымбаттады. Сонымен қатар пияз бағасы 17,6 пайызға, сәбіз – 1,6 пайызға арзандады.
Темекі өнімдерінің бағасы 0,8 пайызға өсті.
Бұл ретте күнбағыс майы бағасының 0,5 пайызға, жарма – 0,2 пайызға төмендеуі байқалды.
Азық-түлік емес тауарларда теледидарлар бағасының 26,9 пайызға, велосипедтер – 4,3 пайызға, кілемдер мен кілемдік жабындары – 2,6 пайызға, жеке қолданатын өзге де тауарлар және аспаптар, заттар – 0,7 пайызға, фармацевтикалық өнімдеріне – 0,6 пайызға, киім мен аяқ киім – 0,5 пайызға қымбаттауы байқалды.
Ақылы қызметтер ішінде моншалар 4,7 пайызға, амбулаториялық қызметтер – 1,1 пайызға, сонымен қатар жолаушылар әуе көлігі қызметтері 10,2 пайызға арзандады.