Екібастұзда дүйсенбіден бастап мектептерді офлайн форматқа ауыстыру тапсырылды
ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Екібастұздың әлеуметтік нысандарына барды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz
ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр №7 және 11 мектептерде батареялар мен жылумен жабдықтау жүйесінің жұмысын тексерді. Қазір қаланың барлық мектептері онлайн режимінде оқиды.
Екібастұз қалалық білім бөлімінің басшысы Лаура Дисюпованың айтуынша, жағдай біртіндеп тұрақталып келеді: ЖЭО-да шығыс температура 70 градусты құрағанда №11 мектепте 18-20 градусқа дейін жылынады.
Роман Скляр бірқатар үйлердің, балабақшалар мен мектептердің тиісті деңгейде жылынбау мәселесі бірнеше жыл бұрын, тіпті ЖЭО қалыпты жұмыс істеген кезде де болғанын және ЖЭО-дағы қазіргі параметрлермен де жұмысты реттеуге болатындығын атап өтті.
Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары барлық проблемалы үйлер мен әлеуметтік нысандар бойынша тиісті дайындық жұмыстары жүргізілгенін жеткізді: желілер сапалы жуылып, нығыздау жұмыстары атқарылған. Оның айтуынша, 65-70 градус температурада мектептердегі температуралық режимді санитарлық нормаларға келтіру үшін 2-3 күн қажет.
Роман Скляр келесі аптаның басында барлық оқу орындарын дайындауды және дүйсенбіден бастап балаларды мектептерде офлайн форматта оқытуды тапсырды.
Айта кетейік, ЖЭО-да температуралық параметрлердің төмендігіне байланысты кеншілер қаласының мектептері қашықтықтан оқыту режиміне ауыстырылған болатын.