Қиғаш өзеніндегі лотос гүліне жойылып кету қаупі төніп тұр

Қиғаш өзеніндегі лотос гүліне жойылып кету қаупі төніп тұр
Фото: Wim De graaf/Pixabay

Атырау облысындағы Қиғаш өзенінде өсетін лотос гүліне жойылып кету қаупі төніп тұр. Сол себептен, ол ерекше қорғалатын өсімідіктер қатарына енгізілуі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, Атырау облысында экотуризмді дамытуға қолайлы екі бағыт бар. Бұл – «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты мен Қиғаш өзенінің сағасындағы лотос гүлі өсетін алқап.

Ал, Қиғаш өзені Атырау облысы мен Ресейдегі Астрахань өңірі арасындағы шекара сызығында ағып тұр. Лотос гүлі осы өзеннің сағасындағы шамамен 5 мың гектарға жуық алқапта гүлдейді. Қызғылт түсті лотостың биіктігі 150 см дейін жетеді.

«Жыл сайын әлемде сирек кездесетін лотос гүлі өсетін алқапты тамашалауға 1 мыңға жуық турист келеді. Осы ретте гүлді жұлып, сындыру дерегі көбейіп барады. Соның салдарынан феноменалды алқап жойылып кету қаупінің алдында тұр. Сондықтан, лотос алқабын қорғау үшін қосымша қадағалау жұмыстарын күшейту қажеттігін ұсынамыз. Осыған байланысты Атырау облысының әкімдігі Экология және табиғи ресурстар министрлігіне аталған ұсынысты қарастыру туралы сұраныс жолдады», - деп хабарлады Жасұлан Бисембиев.

Еске сала кетелік, қазақстандық суретшілер Қиғаш өзеніндегі алып гүлді кенепке бейнелеп жатқанын жазған едік. Кейін лотос гүлін кенепке бейнелеген суретшілер туындыларын Атырау музейіне тапсырғанын хабарлаған болатынбыз.