Павлодарда спорт саласының мамандары волейболдан бақ сынады

Павлодарда спорт саласының мамандары волейболдан бақ сынады
Фото: Константин Музалевский

Мұндай турнир өңірде алғаш рет ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шаһардағы «Баянтау» спорт сарайында Павлодар облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты мекемелер арасында алғаш рет волейболдан облыстық турнир ұйымдастырылды. Жарыс Халықаралық олимпиада күніне орай өткізілді. Аталмыш турнирге өңірдің барлық қала мен аудандарынан 26 құрама қатысты.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының туризм бөлімінің басшысы Руслан Нұрбековтің айтуынша, мұндай форматтағы жарыс өңірде алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

– Кейбір ұжымдар бірлескен құрам жасақтады. Мәселен, Баянауыл ауданының командасы Майқайың спортшыларымен бірге өнер көрсетсе, басқарма қызметкерлері ұлттық спорт түрлері орталығының өкілдерімен бір командада ойнады. Осындай жарыстар әріптестермен жақынырақ танысып, өзара қарым-қатынасты нығайтуына мүмкіндік береді, – деді Руслан Нұрбеков.

Әр команда құрамында 10-12 ойыншыдан болды. Турнир талабына сәйкес ойын алаңында екі қыз міндетті түрде болуы тиіс еді.

Жарыстың алғашқы күні командалар бес-сегіз ойын ойнады. Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша үздік сегіз команда жартылай финалға жолдама алды.

Турнир жеңімпазы атағын Павлодар қаласындағы олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі командасы алды.

– Бұл жарысқа тыңғылықты дайындалдық және жеңіске жеткенімізге қуаныштымыз. Командамыз өңірлік мектептер мен колледждер арасындағы турнирлерге тұрақты қатысып келеді. Бұған дейін де республикалық жарыстарда жүлдегер атанғанбыз. Қарсыластардың барлығы мықты болды, әр команданың жақсы дайындықпен келгені байқалды, – деді команда капитаны әрі олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің басшысы Таман Әлпиев.

Турнирдің үздік ойыншысы атағы Нұрсұлтан Ахолдинге берілді. Оның командасы жарысты қола жүлдемен аяқтады.

– Мұндай марапатқа ие болу мен үшін үлкен мәртебе. Ең бастысы – командама көмектесіп, жақсы нәтиже көрсету болды. Ойынға берген бағалары үшін төрешілерге және қолдау көрсеткен әріптестеріме алғысымды білдіремін, – деді спортшы.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарысқа қатысушылардың белсенділігі мен қызығушылығы осындай турнирлердің маңызын көрсетті. Сондықтан келесі жылдан бастап бұл бәсекені Павлодар облысының ресми спорттық іс-шаралар күнтізбесіне енгізу жоспарланып отыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Павлодарда Ұлы Отан соғысының ардагері, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Рымтай Ізбастинді еске алуға арналған жасөспірімдер арасындағы қазақ күресінен дәстүрлі турнир өткен болатын. Биыл бұл дода оныншы рет ұйымдастырылды.