Павлодарлық студент еш жерде қойылмаған психологиялық монодраманы жалғыз сомдады

Павлодарлық студент еш жерде қойылмаған психологиялық монодраманы жалғыз сомдады
Фото: Аслан Айтмағамбет

Кейіпкер қоғамдағы өз орнын табуға тырысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

С.Торайғыров атындағы университеті «Орындаушылық өнер кафедрасы «Актерлік өнер» мамандығының студенті Балнұр Калинурова өзінің дипломдық жұмысын қорғады. Түлек төрт жылдық алған білімін қорытындылау үшін психологиялық монодрама жанрында жазылған Дана Асылбектің «Сингулярлық нүкте» пьесасын таңдады. Бұл шығарма 2022 жылы «Драма.KZ» орталығы ұйымдастырып жүрген фестивальдерде жеңіске жеткен болатын. Сол кезде Балнұрға пьеса ұнағаннан кейін оны дипломдық жұмыс ретінде таңдауға бел буған. Осылайша университет қабырғасындағы оқыту залының сахнасы бір күнге кейіпкер миындағы естеліктер жиналған оқиғалар кеңістігіне айналды.  

Сахнаның әр бұрышында түрлі декорациялар болды: киім ілгіш, оған ілулі тұрған қара пиджак пен қызыл орамал, ортада қарама-қарсы орналасқан екі орындық, жерде сансыз шашылған қағаздар, фотосуреттер.

Жасы 30-ға жетпеген қыздың психологиялық ішкі күйі жайында айтылатын бұл шығармада ол бірнеше кейіпкердің рөлін ойнайды. Ішкі тебіреністің суреттейтін туынды пролог және бес бөлімнен тұрады. Психологиялық жағдай көрермендерді терең философиялық ойлануға итермелейді. Ақ көйлек киген қыз нәзік бейнесінде бірнеше адамның мінезін «киіп» көреді. 

– «Сингулярлық нүкте» деген психологиялық монодраманың авторы  Дана Асылбекпен байланыстық, сөйлестік. Ол кісі «менің бұл шығармам бірінші рет қойылып жатыр» деп, өте қуанды. Қойылым авторы шетелде жүргендіктен, пьесаның тұсаукесеріне келе алмады, – деді мәдениет саласының үздігі, Ж.Аймауытов атындағы қазақ-музыка драма театрының актрисасы Гүлжанат Омарова.

Қойылым басында жас қыздың өмірі қандай болғаны баяндалады. Кейіпкер өзінің бұл өмірдегі, қоғамдағы өз орнын, шындығын іздейді. Сол шындықты анықтау үшін өзін жоғалтуға себепкер болған жағдайлармен миындағы естеліктер кеңістігінде жолығады. Қыз кішкентай кезіндегі оқиғаларды еске түсіріп, өзінің «бөгделігін» біледі. Ол ата-анасынан қолдау көрмей, достарынан  жәбір көріп, түрлі сұрақтардың жауабын іздеумен жүреді.

– Қыз ең соңында өзінің бұл қоғамға керегі жоқ, ешбір пайдасы жоқ, былай айтқанда ешкім екенін түсінеді, – деді Балнұр Калинурова. – Адамдар бұл өмірде өз өзін іздеу керек. Өмірге деген миссиясын білу керек, не істеп, не қойып жүргенін түсіну керек, сосын сол миссияға жетуге мақсат қойып, бар күшін салып, жұмыс істеуі қажет. 

Кейіпкер адамдарға қойған «қайда?» деген сұрағына тек «ол өліп қалды» деген жауапты естиді. Ол өзінің өмір бойы басқалармен тең дәрежеде өмір сүруге талпынып жүріп, енді өзін ешқашан таппайды деп ойлайды. Енді не істегісі келетінін, кім боларын, армандары қандай болғанын білмейді. Оның «өліп қалды» деп еститін жауабы шын секілді, өзін жоқтыққа сіңіп бара жатқандай сезінеді.

Қойылымның көрермені әрі дипломдық жұмысқа баға беру комиссиясының мүшесі болған «Үштұғырлы тіл» кафедрасының меңгерушісі Айман Зейнуллина спектакль соңында алған әсерлерімен бөлісті. Ол пьесаның мазмұны мен көркемдігі бойынша талдау жасады.

– Шығарманы кей кезде автор жазады да оның сахнаға шығуы, тірілтуі – екінші бір кеңістік. Екеуі түйісіп жатса, ол басқа бір әлем. Міне, осы жағынан алғанда бүгінгі шығарманың өзектілігі біздің өмірімізде бар мәселені алақанымызға салып, алдымызға алып келді. Монолог, монодрама деген – бүкіл адамның образын бір адамға сыйдыру, алып шығу, ал бұл – оңай емес. Түлегіміз оны жақсы көрсете білді. Келешекте әдемі, жақсы драманы да, трагедияны да, психологиялық образды да ойнай алатын жақсы актриса келе жатыр деп ойлаймын, – деді Айман Зейнуллина.

Айта кетейік, бұл қойылымды сахналау үшін Балнұр бір жыл уақыт тынғылықты дайындалды. Болашақта Ж.Аймауытов театры сахнасында өнер көрсетуді мақсат қойған. Оның өнерге деген махаббаты кішкентай кезінде оянған. 

– Әрине, төрт жыл білім алдым, ары қарай арман қуып, театр сахнасында өнер көрсетіп, өнерде есімімді қалдырсам деймін. Бірақ, алдымен менің кішкентайым өссін, содан кейін тың белестерді бағындырам деген ойдамын, – деді түлек.

2021 жылы Торайғыров атындағы «Орындаушылық өнер кафедрасы «Актерлік өнер» бөлімі ашылған болатын. Мұнда белгілі актер, Мәдениет қайраткері Жұмахан Доспаев мен Гүлжанат Омарова дәріс береді. 

Биыл аталмыш мамандық бойынша үш түлек оқуды бітіреді. Әмірхан Жасұлан, Әбдірашым Жақсылық, Балнұр Калинурова күндіз А.П.Чеховтың «Аю» бір көріністі қалжыңын қойды. Ал түстен кейін псхихологиялық монодрамасы көрермендерге ұсынылды.