Павлодар облысында тазалық сақтамағандарға миллиондаған теңге айыппұл салынды

Павлодар облысында тазалық сақтамағандарға миллиондаған теңге айыппұл салынды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Полицейлер заңсыз қоқыс төгетін орындарды анықтау үшін бейнебақылау камераларын да пайдаланып жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, «Таза Қазақстан» акциясы аясында өңірде абаттандыру ережелерін бұзу және қоғамдық орындарды ластау бойынша 6656 құқықбұзушылық анықталған.

Барлық құқықбұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 6,5 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.

Полиция қызметкерлері табиғатты қорғау және экология органдарымен, қоғамдық ұйымдармен және белсенділермен бірлесіп рейдтер жүргізуде. Әсіресе заңсыз қоқыс орындары жиі пайда болатын аумақтарға назар аударылады.

Осындай жағдайлардың бірі Павлодар қаласының Солтүстік өнеркәсіптік аймағында тіркелді. Онда КамАЗ жүргізушісі құрылыс қалдықтарын рұқсат етілмеген жерге төккен.

– Рұқсат етілмеген қоқыс орындары жиі пайда болатын аумақтарға ерекше көңіл бөлінеді. Павлодар қаласында полиция қызметкерлері Солтүстік өнеркәсіптік аймақта қалдықтарды заңсыз төгу фактісін анықтады. Жиналған материалдар тиісті шешім қабылдау үшін Экология департаментіне жолданды, – деді облыстық ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының міндетін атқарушы Мақсат Сәрин.

Заңсыз қоқыс төгу фактілерін анықтауға Жедел басқару орталығының бейнебақылау жүйесі де көмектесуде. Қазан айында камералар арқылы жүк көлігі жүргізушісінің қалдықтарды белгіленбеген жерге төккені тіркелген. Тағы бір осындай жағдай аумақты бақылау кезінде анықталды.

Қалдықтарды басқару саласындағы экологиялық талаптарды бұзуға қатысты материалдар облыстық Экология департаментіне жолданды.

Рейдтермен қатар тәртіп сақшылары тұрғындарға тазалық сақтау талаптарын түсіндіріп, табиғат аясында демалғаннан кейін қоқыс қалдырмауға шақырады.

Полиция өңір тұрғындары мен қонақтарына заңсыз қоқыс төгу жағдайларын байқаса, құқық қорғау органдарына хабарлауды ескертті.