Қазақстанда зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегі жаңартылды

Қазақстанда зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегі жаңартылды
Фото: pexels.com/Bia Limova

Бұл өзгеріс азаматтардың болашақтағы зейнетақысын сақтау және қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында енгізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жаңа әдістеме азаматтың қазіргі жасын ғана емес, зейнеткерлікке дейінгі уақытты, болашақтағы зейнетақы төлемдерін және инвестициялық табысты да ескереді. Соның арқасында қажетті жинақ көлемі дәлірек есептеледі.

Мамандардың айтуынша, зейнетақы жинақтарының басты мақсаты – адамды зейнет жасында тұрақты табыспен қамтамасыз ету. Сондықтан бүгін жинақты мерзімінен бұрын пайдалану болашақтағы зейнетақы көлемінің азаюына әсер етуі мүмкін.

Соған қарамастан, тұрғын үй сатып алу немесе емделу үшін зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі сақталады. Зейнетақы мөлшері бұрынғы табысының кемінде 40 пайызын құрайтын зейнеткерлер жинақтарының 50 пайызына дейін пайдалана алады. Ал еңбек сіңірген жылдары үшін мемлекеттік зейнетақы алатын азаматтар шоттағы қалған қаражатты толық көлемде жұмсауға құқылы.

Айта кетейік, жеткіліктілік шектері соңғы үш жылда өзгертілмеген болатын. Сарапшылардың пікірінше, оларды жаңарту зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын сақтауға және азаматтардың болашақтағы қаржылық қорғалуын күшейтуге мүмкіндік береді.