Павлодар облысында дәстүрлі футбол турнирі ұйымдастырылды

Павлодар облысында дәстүрлі футбол турнирі ұйымдастырылды
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Спорттық шара «Айқын нәтиже» жобасы мен «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Кемеңгер орта мектебінде 2015-2016 жылы туған жасөспірімдер арасында шағын футболдан дәстүрлі ашық турнир өтті. 

Турнирдің ашылу салтанатына Павлодар ауданының прокуроры Әзімхан Исақов қатысып, оқушыларды оқу жылының аяқталуымен құттықтады. Ол жас спортшыларға сәттілік тілеп, спорттың өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі маңызына тоқталды.

Жарысқа Жетекші, Заря, Кемеңгер ауылдары мен Теміржолшылар кентінен алты команда қатысты. Турнир барысында жас футболшылар тартысты ойын өрнегін көрсетіп, жеңіске деген жігерлерін байқатты.

Нәтижесінде Заря ауылы мектебінің командасы жеңімпаз атанып, Павлодар ауданы прокурорының кубогын иеленді. Кемеңгер орта мектебінің командасы екінші орынға тұрақтаса, Жетекші ауылының футболшылары үздік үштікті түйіндеді.

Сондай-ақ жарыс қорытындысы бойынша үздік ойыншылар «Үздік шабуылшы», «Үздік қақпашы», «Үздік қорғаушы» және «Үздік ойыншы» аталымдары бойынша марапатталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы сыйлықтар табысталды.

Турнир соңында барлық қатысушыларға тәтті сыйлықтар үлестірілді.