Павлодарда полицейлер арасында қоян-қолтық ұрыстан ел чемпиондары анықталды

Павлодарда полицейлер арасында қоян-қолтық ұрыстан ел чемпиондары анықталды
Фото: ПД баспасөз қызметінен

Екі күнге созылған жарысқа еліміздің күштік құрылымдары мен құқық қорғау органдарының атынан 26 командадан 208 спортшы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарда өткен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің қоян-қолтық ұрыстан чемпионаты өз мәресіне жетті. «ARLAN» спорт кешенінің ұйымдастыруымен өткен чемпионатта қатысушылар сегіз салмақ дәрежесі бойынша бақ сынады. Жарыс командалық және жеке есепте өткізілді. Спортшылар жауынгерлік даярлық деңгейі мен қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін меңгеру шеберлігін көрсетті.

Екі күндік бәсекенің қорытындысы бойынша полиция департаменттері арасындағы командалық есепте Қарағанды облысының құрамасы бірінші орын алды. Ақтөбе облысының командасы екінші орынға жайғасса, Астана қаласының құрамасы үздік үштікті түйіндеді.

Жеке есепте сегіз спортшы өз салмақ дәрежелері бойынша алтын медаль иеленді. Олардың қатарында қос павлодарлық бар. Атап айтқанда Маңғыстау облысының намысын қорғаған Асхат Абылай, Ақтөбе облысынан Заманбек Данабеков, Павлодар облысының атынан шыққан Ринат Махмұтов пен Сұлтан Қәкенов, шымкенттік Бауыржан Жетібаев, қостанайлық Жалғас Жұмағалиев,  Астана қаласының абройын асқақ еткен Ерболат Берген мен Атырау облысының қоржынын қампайтқан Эльдар Мұхитов. 

– Бұл турнир – жауынгерлік даярлық пен шеберліктің ғана емес, тәртіптің, төзімділіктің және рух күшінің де көрсеткіші. «Заң мен тәртіп» қағидаты азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған ішкі істер органдары қызметінің негізгі ұстанымы болып қала береді. Кәсіби дағдылар мен психологиялық тұрақтылық қызметкерлерімізге кез келген күтпеген жағдайда дұрыс шешім қабылдап, азаматтарды қорғауға көмектеседі. Сондықтан әрбір полицейдің дене дайындығы мен жауынгерлік әзірлігі жоғары деңгейде болуы тиіс. Сонымен қатар, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау маңызды, – деді Павлодар облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Алмаз Төкенов.

Чемпионат қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Айта кетелік, Жарыс «ARLAN» спорт кешенінің орталық аппараты өкілдері мен ҚР ІІМ Жеке құраммен жұмыс жөніндегі департаменті басшылығының жетекшілігімен өтті.