Қазақстанда жаңа су қоймалары салынады: Министр жоспарымен бөлісті
Жарты миллионға жуық қазақстандық таза ауызсуға қол жеткізеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Astana Hub алаңында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Мемлекет басшысының тапсырмасымен атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды қорытындылап, саланың стратегиялық басымдықтарымен бөлісті.
Бұл кездесу Үкіметтің 2025 жылғы қызметінің есебі ретінде су тапшылығын жою мен инфрақұрылымды жаңғыртудың нақты жол картасына айналды.
Инфрақұрылым мен жобалар туралы
Қазақстанның су шаруашылығында нақты серпіліс байқалады. Министрдің айтуынша, биыл ел аумағында 145 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылуда, ал тағы 300 нысан бойынша жобалау жұмыстары қызу жүруде. Алматы облысындағы Қызылағаш және Абай облысындағы Шар су қоймаларының реконструкциясы аяқталып, Астананы ауыз сумен қамтитын негізгі су айдынын тазартудың бірінші кезеңі сәтті тәмамдалды. Әсіресе, Батыс Қазақстандағы Киров су қоймасының жарты ғасырдан астам уақыттан кейін алғаш рет күрделі жөндеуден өтуі аймақ үшін тарихи оқиға болмақ.
Ауызсумен қамту мәселесі бойынша
Үкіметтің басты назары – ауылдық жерлерді сапалы ауызсумен қамту. Қазіргі таңда 224 елді мекенді сумен қамтитын 13 топтық су құбыры іске қосылуға дайын. Бұл 469 мыңнан астам адамның тұрмыс сапасын жақсартады. Ең маңыздысы, 43 ауылдың тұрғындары өз өмірінде алғаш рет орталықтандырылған су жүйесіне қосылу мүмкіндігіне ие болды. Солтүстік Қазақстан мен Ұлытау облыстарындағы ірі магистральді жобалар ондаған мың адамның су мәселесін түпкілікті шешіп отыр.
Ирригация мен каналдарды тазарту жайлы
диқандар мен шаруа қожалықтары үшін ирригация жүйесінің жай-күйі өмірлік маңызды. Соңғы екі жылда Үкімет суару каналдарын механикалық тазарту қарқынын жылына 1,5 мың шақырымға дейін жеткізді. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен үш есе көп. Министр атап өткендей, 2025 жылы тағы 700 шақырымнан астам жаңартылған ирригациялық желі пайдалануға беріледі, бұл ауыл шаруашылығындағы су шығынын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.
Инвестиция мен жаңа су қоймалары туралы
Су саласын дамыту тек ішкі ресурспен шектелмейді. Ислам даму банкімен арадағы келісім нәтижесінде 2026 жылы Жамбыл, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында мүлдем жаңа үш су қоймасының құрылысы басталады. Сонымен қатар, оңтүстік өңірлердегі 100-ден астам каналды цифрландыру және автоматтандыру жоспарлануда. Бұл қадамдар Қазақстанның су ресурстарын басқарудың жаңа, заманауи деңгейіне шыққанын айғақтайды.