600 қазақстандық елде АЭС құрылысын қолдады
Сауалнама ауқымы бір мың респондентті қамтыды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«СОЦИС-А» Кешенді әлеуметтік зерттеулер институты – Астана» Жеке қоры КӘЗИ ҚҚ 11-12 қыркүйек аралығында халық арасында телефон арқылы сауалнама жүргізді.
– Аталған сауалнама ҚР заңнамалық нормаларын сақтай отырып жүргізілді, атап айтқанда, референдум өткізу мерзіміне қарсы қоғамдық пікір өлшемін жүргізу туралы ҚР орталық сайлау комиссиясы хабардар етіліп, оған ҚР ОСК-сы 11 қыркүйек күні №ЗТ-2024-05252908 хатпен жауап берді. 17 облыстан және республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан азаматтар қатысқан сауалнама ауқымы 1000 респондентті қамтыды, – делінген хабарламада.
Сауалнама анкетасына келесі сұрақтар енгізілді:
- Сіз АЭС салу бойынша референдумға қатысасыз ба?
- Қазақстанда АЭС салу туралы қандай ақпарат сізді қызықтырады?
- Сіз Қазақстанда АЭС салуға келісесіз бе?
Сауалнама қорытындысы бойынша «Міндетті түрде барамын» (35,6%) және «Мүмкіндігінше баруға тырысамын» (20,2%) нұсқаларын таңдаған респонденттердің үлесі жалпы іріктеменің 55,8%-ын құрады. Осылайша, сауалнамаға қатысқан әрбір екінші адам референдумға баруға дайын екендігін көрсетті. Сауалға қатысқандардың оннан бір бөлігінен астамы «референдумға қатыспаймын» деген (12,2%). Алдын ала болжанғандай референдумға қатысу/қатыспау туралы «әлі бір шешімге келмеген» респонденттердің үлесі жоғары болды (16,6%).
Сауалнамаға қатысқандардың 13,6%-ы «бұл жаңалықты бірінші рет естіп отыр» (атом электр станциясын салуы мүмкін деген жаңалықты бірінші рет естіп отыр). Респонденттердің аз бөлігі (1,8%) бұл сұраққа «жауап беруге қиналамын» деп көрсеткен.
«Қазақстанда атом электр станциясын салу туралы қандай ақпарат сізді қызықтырады?» деген сұрақта пікірлер эмоционалды ұстанымнан бастап толығымен прагматикалық дәлелдерге дейін құбылады.
– Мәселен, «азаматтардың денсаулығына әсер етуі ықтимал» және «экологияға әсер етуі ықтимал» деген эмоционалды пікірлері бар жауаптарды таңдау тиісінше 59,5% және 54,1% құрады. Бұл, ең алдымен, желіде АЭС салу ықтималдығы туралы алғашқы ақпарат пайда болған сәттен бастап мұндай жобалардың қауіптері туралы әртүрлі пайымдар тарала бастағандығына байланысты болуы мүмкін, – дейді сұхбат алушылар.
Айта кету керек, сауалнамаға қатысқан халық АЭС-те қауіпсіздікті қамтамасыз етудің нақты шаралары бойынша прагматикалық ойлар айтқан: «Апаттардың алдын алу жөніндегі қауіпсіздік шаралары» (43,1%); «Радиоактивті қалдықтарды басқару» (24,9%); «Кадрлық әлеует» (16%) (Ескерту: Қосындысы 100% емес, өйткені респонденттер бірнеше жауап нұсқаларын таңдай алды).
– «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» деген сұраққа келісетіндердің үлесі 60,4% құрады. Сауалнамаға қатысқандардың 30,1%-ы АЭС салу идеясын қолдамайды. Сауалнамаға қатысқан әрбір оныншы адам (9,5%) атом электр станциясының құрылысына қатысты сұраққа жауап беруден бас тартқан, – делінген хабарламада.
Зерттеудің жалпы қорытындысы бойынша респонденттердің 55,8%-ы өз азаматтық ұстанымын көрсетуге және АЭС салу мәселесіне қатысты дауыс беруге ниет танытты. Ал АЭС құрылысын қолдаушылардың үлесі – 60,4%.
Жүргізілген социологиялық сауалнама нәтижесінде әрі қарай жария түсіндіруді талап ететін экологиялық және техникалық қауіпсіздік критерийлерінің контуры межеленді. Атап айтқанда, халық денсаулық қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны қорғау, сондай-ақ құрылыстың техникалық жағы және атом станциясының болашақ жұмысшыларының кадрлық құрамының кәсібилік деңгейі туралы алаңдайды.