Павлодарға биыл 100-ден астам қандас оқуға келді
Торайғыров университетінің «Foundation» факультетінде іріктеу тестілеу емтиханы басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ мен «Отандастар қоры» Павлодар облыстық филиалының басшысы Болат Заутұлы, облыс әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы Жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры Ризат Рахимжанов алыс жақын шетелден оқуға келген қандастармен танысып, алдағы емтиханды сәтті тапсыруға тілектестік білдірді.
2024-2025 оқу жылында Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ азаматтарға 100 мемлекеттік грант бөлінген. Алайда оқуға түсуге ниетті 130 жас тіркеліп, құжаттарын тапсырған. Олардың барлығы университеттің жатақханасына орналасқан.
Жалпы еліміздегі барлық «Foundation» дайындық факультеттері қазақ диаспорасы өкілдерінен талапкерлерді Қазақстанның жоғары оқу орындарына оқуға түсу үшін тоғыз ай оқытады. Оқу барысында жастар тегін жатақханамен қамтамасыз етіліп, шәкіртақы беріледі.