Бір аптада елімізде 3 мыңға жуық қылмыс жасалды
Ішкі істер министрлігінің онлайн-брифингінде ведомство өкілі Шұғыла Тұрлыбек бір апта ішінде Қазақстанда 2 913 қылмыс тіркелгенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
– Елімізде бір апта ішінде 2 913 қылмыс жасалды. Оның 1 753-і өткен аптада ашылды. Полиция қызметкерлері ізін суытпай 13 кісі өлтіруді, 6 өлімге әкеліп соққан денсаулыққа қасақана аса зиян келтіруді, 45 тонау және 365 бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстарын ашты, – деп мәлім етті Шұғыла Тұрлыбек.
Еске сала кетейік, бір апта бұрын, яғни 3-9 шілде аралығында ел аумағында 2 738 қылмыс жасалған еді. Ол уақытта 10 кісі өлтіру, 4 денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, 3 қарақшылық, 29 тонау және 402 бөтен мүлікті ұрлау қылмыстары тіркелді.