Ақсу ферроқорытпа зауыты қазандықтардың жөндеуін тамыз соңына дейін аяқтайды

Ақсу ферроқорытпа зауыты қазандықтардың жөндеуін тамыз соңына дейін аяқтайды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Облыс әкімі жұмыс сапарымен Ақсуға барды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Асайын Байханов жұмыс сапарын Ақсу ферроқорытпа зауытынан бастады. Онда облыс әкіміне атқарылып жатқан жұмыстар бойынша есеп берілді.

– Қазір үшінші қазандықта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оны 31 тамызға дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді ТНК «Қазхром» АҚ «Жылу станциясы» филиалының операциялық директоры бас инженері Ілияс Мужкенов.

Оның сөзінше, алдағы жылыту маусымына зауыт бір жұмыс істеп тұрған және екі резервтегі қазандықпен кіреді.

– Гидравликалық сынақтар толығымен аяқталды. Қазір автоматика жүйесіне жөндеу жүргізу көзделіп отыр. Бұл жұмыстарға шамамен жеті күн қажет, – деп толықтырды Ілияс Мужкенов.

Қазандықтар ауа райының температурасы бойынша жұмыстарын бастайды. Зауыт мамандарының сөзінше, екінші қазандық қазан айында, ал үшіншісі қараша айында іске қосылады. 

Биыл зауыт қолданыстағы коллекторларды ауыстырды. Сыртқы коллекторлардың диаметрі 20-дан 1020 дейін кеңейтілді. Бұл — су өткізу қабілетін арттыру мақсатында жасалды. Кездесу барысында Асайын Байханов өткен жылы орын алған оқиғаларға да тоқталды.

– Былтыр су шығыны күрт көбейіп, бүкіл қазандықты тоқтатуға тура келді. Бұл жағдай жүйеде үш деңгейлі бөліністің болмауынан туындады. Қазір бұл кемшілік жойылды, – деді бас инженер.

Екінші тоқтау  напорлық коллектордағы жарықтың салдарынан орын алған. Ақау жұмыс істеп тұрған қазандықты тоқтатуға мәжбүр етті. Бүгінде барлық су жылытқыш қазандықтарда тиісті тексеру жұмыстары жүргізілді.

Зауыт жұмысымен танысу барысында облыс әкімі қандай да бір түйткілді мәселе жоқ екенін атап өтті.