Павлодар ауданында Ұлттық қор қаражатын ұрлаған шенеунік сотталды

Лауазымды тұлға мердігерге орындалмаған жұмыстар үшін 160 миллион теңгеге жуық қаражат төлеген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар аудандық прокуратурасы тексеру барысында ауданның нақты сектор экономика бөлімінің басшысының лауазымын асыра пайдалану фактісін анықтады. Бұл әлеуметтік нысан салу кезінде орын алды.
«Ауыл ел – бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ұлттық қордан бөлінген 382 миллион теңгеге Кемеңгер ауылында спорт-сауықтыру кешені салынып жатқан.
– Бюджеттік қаражаттың заңсыз жұмсалуын тексеру барысында мердігерге орындалмаған жұмыстардың көлемі үшін 158 миллион теңге төленгені анықталды, – деді облыстық прокуратураның баспасөз қызметінде.
Аудан прокуратурасы лауазымды тұлғаның қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану фактісі бойынша материалдарды Қылмыстық кодекстің 361-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаменті алдын ала тергеу жүргізді.
Павлодар облысы ауданаралық сотының үкімімен бұрынғы нақты сектор экономика бөлімінің басшысы үш жылға бас бостандығынан айырылып, мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.