Діни интеллект: Павлодарда дін қызметкерлерінің білімі сарапқа салынды
Сайысқа әрбір аудан және қалалық мешіттерден бір-бір үміткер қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша баспасөз қызметінің мәліметінше, жастар бес топқа бөлініп, өзара білім жарыстырды.
– Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы жастар секторының тапсырмасына орай «Діни интеллект» интеллектуалды білім сайысы «Достық үйінде» ұйымдастарылды. Жарыста адам, қоғам, өмір, дін мен дәстүр, шариғат қатарлы мол ауқымды қамтыған сұрақтар арқылы дін қызметкерлерінің білімі сарапқа түсті. Алайда сайысқа қатысушылар өздерінің білімді де білікті, болашақта биіктерді бағындыра алатын жастар екендігін көрсете білді, – дейді баспасөз хатшысы Амантай Тойшыбайұлы.
Сайыс қорытындысы бойынша Ақсу қаласы, Аққулы, Баянауыл аудандары және қалалық «Бижан» мешітінің біріккен «Фирдаус» тобы бірінші орынды, Успен, Тереңкөл аудандары және қалалық «Ақмешіт» мешітінің біріккен «Хикмет» тобы екінші орын алса, үшінші орынды Майқайың кенті және қалалық «Омар Фаруқ», «Әбу Бәкір Сыддық» мешіттерінің біріккен «Ихсан» тобы иеленді.
Жеңіске жеткен команда республикалық «Діни интеллект» сайысына қатысатын болады.