Ақсудағы мал иесі полицияның көмегімен жоғалған бұзауларын тапты

Оқиға Пограничник ауылында болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, ауыл тұрғыны сегіз бұзауының жоғалғанын айтып полицияға жүгінген. Хабар түсе салысымен Достық ауылдық округінің учаскелік инспекторлары дереу іздестіру шараларын бастаған.
– Із кесу бағыттарын анықтап, дала аумағын, шалғайдағы нүктелер мен шаруа қожалықтарын пысықтай бастадық. Станция маңындағы далада бұзаулар байқалып, сипаттамасы бойынша іздестірілгендерге ұқсайтынына көз жеткіздік. Кейін олар иесіне аман-есен қайтарылды. Бұзаулар қорадан өз бетімен шығып кеткен екен, – деді Ақсу қаласының учаскелік инспекторы Аманбол Халхей.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, ауылдық жерлерде мал ұрлығы мен жоғалу жағдайларының алдын алу үшін учаскелік инспекторлар тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын үнемі жүргізіп отырады. Мал иелеріне таңбалау, жетон немесе жаға тағу арқылы жануарларды бақылауда ұстау ұсынылады.
Учаскелік инспекторлардың жедел әрі нәтижелі жұмысы жоғалған малды табуға және қылмыстың алдын алуға көмектеседі. Полиция тұрғындарды қырағы болуға, үй жануарларына ұқыпты қарауға және кез келген оқиға туралы дереу хабарлауға шақырады.