Павлодарлық Z ұрпақтарында қандай жаңа құндылықтар бар?

@Pavlodarnews.kz тілшісі жаңа буын өкілдерімен тілдесіп, бүгінгі нарықтағы жаңашылдықтар жөнінде әңгіме құрды.
Қазіргі еңбек нарығында Z ұрпағының үлесі жылдан-жылға артып келеді. Олар – технология дәуірінде өскен, еркін ойлайтын және өмір мен жұмысты жаңа қырынан қабылдайтын буын. Үлкен буын үшін тұрақтылық пен ұзақ мерзімді еңбек басты құндылық болса, Z ұрпақ үшін бастысы – даму мен жеке еркіндік. Осы айырмашылық кейде жұмыс орнында түсініспеушілікке әкеледі.
Павлодарлық тұрғын Алтынай Бақытбек екі жылдан бері фриланста жұмыс жасап жүр. Оның сөзінше, бұған дейін бірнеше мекемеде жұмыс істеген. Алайда, оның жұмысқа деген көзқарасын басшылық пен ұжым түсіне алмағандықтан өз-өзіне жұмыс жасау форматына ауысқан.
– Қазір мен тауарларға арналған карточкалардың дизайнерімін. Мен үшін ең бастысы – еркіндік. Өз-өзіме жұмыс жасағандықтан уақытымды өзім басқара аламын. Кейде түнде шабыт келеді, ал кейде таңертең. Сондықтан да кез келген уақытта жұмыс жасай аламын. Бос уақытымды өзіме арнаймын, – деді Алтынай Бақытбек.
Алтынайдың сөзінше, көп жағдайда жұмыскерлердің қызметтік құқықтары бұзылып отырады. Үлкен буын көп жағдайда «отбасымды асырауым керек» деген ойда болғандықтан, наразылықтар білдіруден бас тартады.
– Жұмыс берушімен сұхбатқа келгенде, олар таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейінгі жұмыс кестесін ұсынады. Егер қызмет уақытынан тыс тапсырмалар берілсе, оларға қосымша үстемеақы төленетінін айтады. Бірақ, жұмысқа орналасқан соң оқиға күрт өзгереді, – деді кейіпкер. – Басшылық жас болғаныңды қолданып, көп тапсырмалар үйіп береді. Салдарынан жұмыстан тым кеш шығуға мәжбүр боламыз. Орындаудан бас тартсаң немесе ертеңге қалдырғың келсе олар оны жеке ұнатпаушылық ретінде көреді. Кейін бұл бүкіл ұжымның саған деген көзқарасын бұзады.
Сондай-ақ аға-буын өкілдері жаңа технологияларды қабылдап, корпоративтік өмірге қосудан қорқады. Олар нақты кездесулер мен қағаз құжаттарға сенеді, ал жастар барлығын онлайн жасауды жөн санайды.
– Мен және менің қатарластарым өз жұмыстарында ЖИ-ді және түрлі платформаларды қолдану дұрыс деп есептейді. Бірақ үлкендер оны қылмыстық нәрсе ретінде көреді. Меніңше, технологиялар жасай алатын базалық істерге босқа уақыт құртқанша, оларға тапсыра салған жөн. Сол мүмкіндікті пайдалана отырып, сен өзге де тапсырмаларыңды аяқтай аласың. Осылайша жұмыс өнімділігі бірнеше рет артады, – деді ол.
Әңгімелесушінің сөзінше, мұндай әрекеттер зумерлер жалқау немесе жұмыс істегісі келмейді деген сөз емес. Жаңа буын өкілдері жай ғана жұмыс пен жеке дамуды үйлестіре алғылары келеді. Ересектер осыған үйренбегендіктен, олар үшін таңсық дүние ретінде көрінеді.
– Бос уақытымды мен йогаға, кітап оқуға және жаңа тілдер меңгеруге жұмсаймын. Бұл менің тұлғалық дамуыма оң әсер етеді. Ертең қандай жағдай орын алмасын, мен кез келген жағдайға тез сіңісе аламын. Себебі, менің көкжиегім кең болады. Осы дағдыларды дамыту үшін, өзіңе уақыт бөле алу үшін тепе-теңдік сақтай білу керек, – деді Алтынай Бақытбек.
Көптеген компаниялар қазір зумерлердің талаптарына сай өзгере бастады. Атап айтқанда, икемді жұмыс графиктерін енгізіп, онлайн форматтар мен қашықтықтан жұмыс қолданылуда.
Z ұрпағы еңбек әлеміне жаңа тыныс әкеледі. Олар үшін «жұмыс» ұғымы – тек табыс көзі емес, өзін-өзі жүзеге асыру мен еркіндік алаңы. Егер үлкен буын мен жас буын бірін-бірі түсіне білсе, еңбек нарығы да, қоғам да дамиды.