Дақ кетірмеген: Павлодарлық әйел лас кілем үшін өтемақы алды

Дақ кетірмеген: Павлодарлық әйел лас кілем үшін өтемақы алды
Фото: pexels.com/ cottonbro studio

Қызмет көрсеткен ұйым кінәсін мойындамады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «МИР» медиация және құқық орталығы» қоғамдық бірлестігінің медиатор-заңгері Әлімбек Ағыбаев мәлім етті. 

– Жаздың басында облыс орталығының тұрғыны кілем тазалау қызметіне көңілі толмай, шағыммен бізге жүгінді. Ол белгілі бір фирмаға кілемдерін тапсырып, оларды қайтадан үйіне алып кеткенде, үстіндегі дақтардың кетпегенін байқады. Қызмет көрсетуші ұйымның өкілдері оның талаптарын қанағаттандырудан бас тартты. Олар тұтынушыға бұл дақтардың кілемде бастапқыда болғанын алға тартып, кірді кетіру мүмкін емес екенін жеткізді,– деді Әлімбек Ағыбаев.

Қоғамдық бірлестіктің медиативтік жұмысының нәтижесінде тұтынушы кілем тазартуға кетірген сомасынан артық ақшаны қайтарып алды. Қызмет көрсеткен ұйым кінәсін мойындамаса да, жағдайды жанжалға жеткізбей-ақ тұтынушыға өтемақыны берді. 

Басқа жағадайда тұрғын компьютер сатып алып, 1,5 жылдан кейін құрылғының ішінде ақау шыққанын анықтаған. 

– Компьютердің сомасы 300 мың теңгеден артық болған. Тауардың кепілдік мерзімі – 1 жыл. Тауардың кепілдік мерзімі өткендіктен сатушы шағымды қанағаттандырудан бас тартты. Біз тексеріс ашып, жағдайдың басын ашып алдық. Анықталғандай, компьютерде зауыттық ақау болған. Яғни, бейнекартаның бұзылуында сатып алушының кінәсі жоқ,– деп атап өтті спикер. 

Екі тарап келіскеннен кейін компьютердің бөлшегі тегін түрде ауыстырылып, жағдай сотқа дейін жеткізілмеді.