Павлодарда елдің тас шежіресі көрсетіледі

Павлодарда елдің тас шежіресі көрсетіледі
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Мерейтойлық көрме Республика күніне орай ұйымдастырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

23 қазан күні сағат 11:00-де Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейінде қор коллекциясынан дайындалған «Бейне мен рух» атты мүсін және графика көрмесі ашылады.

Экспозиция Қазақстан мен Павлодар облысының жетекші шеберлерінің шығармаларын біріктіреді. Бұл туындылар халқымыздың ұлттық мәдениетінің байлығын және рухани құндылықтарын бейнелейді.

– Көрме әр буынның суретшілерін біріктіріп, дәстүрлі бейнелер мен ұлттық философияны, сондай-ақ түстер мен пішіндердегі заманауи ізденістерді үндестіреді. Мүсін өнері елдің тас шежіресіне айналып, қарапайым адамдар мен тарихи тұлғалардың бейнелерін мәңгіге қалдырады, уақыттың тынысын сақтап, жаңа көркемдік көкжиектер ашады. Ал акварель техникасы қазақстандық суретшілер үшін туған жерге деген сүйіспеншілікті пейзаждар, портреттер мен натюрморттар арқылы жеткізудің басты тәсіліне айналған, – дейді музей өкілдері.

Көрмеде Әбілхан Қастеев пен Әубәкір Ысмаиловтың акварельдері, сондай-ақ Бота Машрапов, Көкен Темірғалиев, Леонард Ядринцев, Марат Әбілқасымов, Сейткәрім Момышев, Сэрэнжаб Балдано, Лия Колотилина және басқа да авторлардың еңбектері қойылады.

Көрме 17 қарашаға дейін жалғасады.