Астанада бочча чемпионаты басталды

Астанада бочча чемпионаты басталды
Фотосурет Мәулен Әшімбаевтің

Жарысқа 89 арнайы спортшы қатысуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Чемпионаттың басталғаны туралы республика Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Facebook желісінде мәлімдеді.

Оның айтуынша, биылғы республикалық чемпионаттың бірқатар ерекшеліктері бар.

Алғаш рет жекелей жарыстармен қатар командалық және жұптық жарыстар өткізілуде. Биылғы жылы қатысушылар саны екі есеге өсті – еліміздің 12 облысынан 89 арнайы спортшы қатысуда. Жалпы, өткен жылы біз боччамен айналысатындар санының айтарлықтай өскенін байқадық. Тоғыз аймақтық федерация жұмыс істей бастады, облыстардың көпшілігінде секциялар ашылды, облыстық және қалалық турнирлер өткізілуде. Бұл, ең алдымен, Мемлекет басшысының Қазақстанда инклюзивті қоғамды дамытуға бағытталған саясатының нәтижесі, – деп жазды Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ, бүгінде ерекше спортшыларымыз халықаралық деңгейде ел намысын абыроймен қорғап жүргенін атап өтті.

Ұлттық құрамада 41 спортшы бар, олардың бесеуі спорт шебері атағын алған. Беделді халықаралық жарыстарда алған алғашқы жүлделері бар.

Осының ешқайсысы біздің дарынды спортшыларымыздың, олардың отбасыларының, жаттықтырушыларының және «Boccia Kazakhstan» федерациясының қызметкерлерінің қажырлы еңбегі, тәртібі мен табандылығынсыз болмас еді. Біз бәріңізбен мақтанамыз! – деп жазды Мәулен Әшімбаев.

Ол чемпионаттың барлық қатысушыларына сәттілік, көтеріңкі көңіл-күй, ұмытылмас әсер және жаңа жеңістер тіледі.