Президент Ерванд Ильинскийге «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын тапсырды
Отандық альпинизмнің дамуына зор үлес қосқан спортшыны наградтау рәсімі Ақордада өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен әлем альпинизмінде аты аңызға айналған тұлғамен жүздескеніне қуанышты екенін жеткізді.
– Өзіңіздің зор қажыр-қайратыңыз бен аса жоғары кәсібилігіңіздің арқасында Қазақстан Республикасының көк Туы Жер шарының асу бермес асқарларында желбіреді. Әлемнің ең биік нүктелерін бағындырған тәжірибелі шыңға өрмелеуші, халықаралық турнирлердің жеңімпазы ретінде дүние жүзіне даңқыңыз жайылды, – деді Президент.
Ол сондай-ақ Ерванд Ильинскийдің Эвереске шығып, «Жеті шың» клубына мүше болған алғашқы қазақстандық екенін атап өтті. Президент оның елімізде альпинизм мектебінің негізін қалаушы ретінде танылғанын, жүзден астам спорт шеберін даярлап, Қазақстан құрамасының сегіз мың метрден асатын барлық 14 шыңды бағындыруына жетекшілік еткенін ерекше жетістік ретінде бағалады.
Мемлекет басшысы альпинистің адам өмірін басты құндылық ретінде бағалайтын ұстанымына да тоқталды. Оның айтуынша, Ильинскийдің «Адам өмірі ең жоғары спорттық жетістіктерден құнды» деген сөзі альпинистер арасында кең тараған. Сонымен қатар Президент оның қауіпті жағдайда да қауіпсіздікке басымдық беріп, жауапты шешім қабылдай білетінін атап өтті.
– Асқар шыңдарға құштарлық, тауға шығу – әуестік қана емес, қоршаған ортаны қастерлеп, ластамауға үндейтін айрықша экологиялық өмір салты. Тау табандылыққа, тәртіп пен жанашырлыққа үйретеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент альпинизмді жастар тәрбиесінде қолданудың маңызын атап өтіп, бұл бағытты дамыту бойынша нақты шаралар қабылданатынын жеткізді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Ерванд Ильинскийдің өмір жолын патриотизмнің, жанқиярлықтың және жоғары кәсібиліктің жарқын үлгісі ретінде бағалап, ел спортына қосқан үлесі үшін оған жоғары марапат беру туралы шешім қабылдағанын айтты.
Өз кезегінде Ерванд Ильинский көрсетілген құрмет үшін алғыс білдіріп, бұл марапатты Қазақстан альпинистерінің жетістіктеріне берілген баға ретінде қабылдайтынын жеткізді.