Павлодар облысында ауа райына байланысты жолдар жабылуы мүмкін
Өңірде алдағы күндері қар аралас жаңбыр, көктайғақ пен тұман күтіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы мен «ҚАЖсервис» серіктестігінің Павлодар облыстық филиалдары 26–29 қараша аралығында ауа райының нашарлауына байланысты жүргізушілерге ескерту жасады.
Мамандардың болжамынша, өңірде жаңбыр мен қар жауып, жолдарда көктайғақ пайда болуы мүмкін. Сондай-ақ тұман түсіп, ауа температурасы төмендейді.
– Жол қозғалысына қатысушыларды сақтық шараларын сақтауға және жолда барынша мұқият болуға шақырамыз. Қыс мезгіліне байланысты автокөліктерді қысқы шиналармен уақытылы жабдықтау қажет, – деп хабарлады жол қызметі.
Қолайсыз ауа райына байланысты республикалық маңызы бар автожолдарда қозғалысқа уақытша шектеулер енгізіліп, кейбір бағыттар жабылуы мүмкін.
Жол қызметі жүргізушілерге сапар алдында жол жағдайын ескеріп, қауіпсіздік талаптарын сақтауды ұсынды.
