Ақсуда жасөспірім қыз 9-қабаттан құлап кетті
Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық жедел жәрдем станциясы баспасөз қызметінің мәліметінше, шақырту сағат 22:29-да түскен.
– Жедел жәрдем бригадасы алты минутта жетті. Дәрігерлер 15 жастағы қыздың ауыр жарақаттар алып, оқиға орнында көз жұмғанын анықтады. Туыстарының айтуынша, қыз бала кішкентай балалардың қай жерде ойнап жүргенін терезеден қарап тұрған кезде абайсызда құлап кеткен, – деп жазылған хабарламада.
Ақсу қаласы білім бөлімінде 9-сынып оқушысы өзі тұратын үйдің 9-қабаттағы балконынан секіріп кеткенін хабарлады.
Оқиға орнына жедел тергеу тобы, Ақсу қаласының прокуроры, кезекші прокурор шыққан.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметі бойынша аталған фактіге қатысты Қазақстан Республикасы ҚК-нің 105-бабы – «өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.