Ақтоғай ауданында плоггинг-жүгіруден жаппай экологиялық акция өтті
Тұрғындар спортпен шұғылдана отырып, елді мекендерді қоқыстан тазартты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ауданның ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің мәліметінше, «Таза Қазақстан» республикалық науқаны аясында ұйымдастырылған шараға 1500-ге жуық адам қатысты.
– Экологиялық бастама Ақтоғай ауданының барлық ауылдық округтерін қамтыды. Плоггинг форматындағы шараға оқушылар, мекеме қызметкерлері, еңбек ардагерлері мен белсенді жастар жұмылдырылды, – делінген хабарламада.

Негізгі шара аудан орталығы – Ақтоғай ауылында бастау алды. Мәдениет үйінің алдында жиналған қатысушылар алдында аудан әкімінің міндетін атқарушы Д. Дощанов сөз сөйлеп, қоршаған ортаны қорғауға үлес қосқан жұртшылыққа алғыс білдірді.

Жүгіру алдында қатысушылар музыка ырғағымен сергіту жаттығуларын жасап, төрт топқа бөлінді. Әр топ белгіленген бағыттар бойынша жүгіріп өтіп, жол-жөнекей кездескен қоқысты жинап шықты.
– Бұл шара – бірліктің және туған жерге деген жанашырлықтың айқын көрінісі. Осындай бастамалар экологиялық мәдениетті қалыптастырып, қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдырады, – деп атап өтті ұйымдастырушылар.
Плоггинг-жүгіру ауыл шетінде қорытындыланып, жиналған барлық қалдықтар арнайы полигондарға уақытылы шығарылды.