Биыл Павлодар облысында қандай ауылдарда әкімдердің сайлауы өтеді?

Биыл Павлодар облысында қандай ауылдарда әкімдердің сайлауы өтеді?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қазір еңбек атқарып жүрген әкімдердің өкілеттік мерзімі қаңтар айынан қараша айына дейін кезең-кезеңімен аяқталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

2026 жылы Павлодар облысындағы бірқатар ауылдар, кенттер және ауылдық округтер әкімдерінің заңмен белгіленген өкілеттік мерзімі аяқталады. Осыған байланысты өңірдің бірнеше ауданында ауыл әкімдерін сайлау өткізу жоспарланып отыр.

Атап айтқанда, сайлау Железин, Ертіс, Шарбақты, Баянауыл, Тереңкөл, Май аудандарында, сондай-ақ Ақсу қаласы мен Павлодар қаласының ауылдық округтерінде өтеді. 

Алғашқы сайлау 18 қаңтарда Железин ауданының Михайлов ауылдық округінде өтсе, соңғысы 29 қарашада Баянауыл ауданының Майқайың кентінде жоспарланған.

Михайлов ауылдық округі әкімінің орнына үш үміткер таласады. Железин ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі 36 жастағы Қуаныш Байгиреев, Михайлов ауылдық округі әкімінің аппаратының жетекші маманы 35 жастағы Рустам Вагитов және Железин ауданы әкімінің аппараты» ММ мемлекеттік-құқықтық бөлімінің басшысы 42 жасар Жанна Мұқашева өзін-өзі ұсыну тәртібімен тіркелді.

Кейін Железин ауданының Ақтау ауылдық округіндегі сайлау 10 мамырда өтеді, ал Железин ауылдық округінде сайлау 27 қыркүйекке жоспарланған.

Баянауыл ауданының үш ауылдық округінде де кадрлық ауыс-түйіс күтілуде. 5 сәуірде Жаңатілек ауылдық округінде, 16 тамызда Күркелі ауылдық округінде, ал 29 қарашада Майқайың кентінде ауыл әкімдерінің сайлауы өтеді.

Ертіс ауданының тұрғындары Амангелді ауылдық округінде 1 ақпанда, Қарақұдық ауылдық округінде 27 қыркүйек күні сайлауға барады.

Ал Шарбақты ауданында сайлау Жылы-Бұлақ ауылдық округінде 15 наурызда, Тереңкөл ауданының Тереңкөл ауылдық округінде 12 сәуірде, Байқоңыс және Октябрьск ауылдық округтерінде 17 мамырда, Май ауданының Қаратерек пен Көктүбек ауылдық округтерінде 5 шілдеде ұйымдастырылады.

Сондай-ақ, Ақсу қаласына қарасты Достық ауылдық округінде сайлау 21 маусымда өтсе, Қызылжар ауылдық округінде 16 тамызда өтеді.

Павлодар қаласының маңындағы Кенжекөл ауылдық округінде де әкім ауысады. Сайлау 12 шілдеге жоспарланған. 

Аудандық және қалалық сайлау комиссиялары ауылдар, кенттер және ауылдық округтер әкімдерін сайлауды тағайындау туралы шешімдерді ҚР Конституциялық заңына сәйкес қабылдайды. Бұл шешімдер тиісті сайлау комиссияларының интернет-ресурстарында жарияланатын болады.

Еске сала кетейік, былтыр 47 ауылдық округтің әкімі ауысты. Сайлау барлық аудандарда өтті.