Павлодарда «Ұждан» қойылымы: Моңғолиялық меймандар тәнті болды

Павлодарда «Ұждан» қойылымы: Моңғолиялық меймандар тәнті болды
Фото: Аяужан Жетес

Мәскеуде бас жүлде алған қойылым гастроль алдында павлодарлық көрерменге ұсынылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі

Өңірде Халықаралық театр күні қарсаңында Ш. Құдайбердіұлы шығармасына негізделген «Ұждан» спектаклі көрерменге жол тартты. Қойылым қоғамдағы өзекті мәселелерді заманауи тілмен жеткізіп, көрерменді терең ойға жетелейді.

Спектакльдің режиссері — Мәскеуден арнайы келген маман. Айта кетейік, бұл туынды 2023 жылы Мәскеуде өткен фестивальде үздік деп танылып, бас жүлдені иеленген. Алдағы күндері труппа аталмыш қойылымды Талдықорған мен Алматы қалаларында сахналамақ.

Қойылымнан кейін ұйымдастырушылар мен шетелден келген қонақтар өз пікірлерін білдірді.

– Бұл спектакльдің негізгі мақсаты — көрерменге ар-ұждан ұғымының терең мәнін жеткізу. Біз бүгінгі қоғамдағы мәселелерді ашық көрсетіп, ой салғымыз келді. Мәскеудегі жеңісіміз де осы еңбектің нәтижесі деп білеміз,– дейді Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры басшысының орынбасары Нұркен Тұрлыбек

Өз кезегінде Моңғолиядан келген қонағымыз қазақ театрына жоғары бағасын берді:

– Бізде де Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында М. Хурмаханы атындағы драма театры бар. Онда көптеген әртістер мен шығармашылық ұжым еңбек етеді. Бүгінгі қойылым бізге ерекше әсер қалдырды. Баршаңызды Халықаралық театр күнімен құттықтаймын,– деді Баян-Өлгий аймағының бұқаралық радиосының дикторы Жасқайрат Белейұлы

Қойылым павлодарлық көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, рухани құндылықтардың маңызын тағы бір мәрте айқындады.