Болат Аманбаев: Мемлекет басшысы өте өзекті мәселе көтеріп отыр

Болат Аманбаев: Мемлекет басшысы өте өзекті мәселе көтеріп отыр

Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында өткен ұлттық құрылтайда ақпарат саясатын түбегейлі қайта қарау қажеттігін тілге тиек етті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Президент: «Масс-медиа – елімізді жаңғырту ісіне ерекше ықпал ететін сала. Сондай-ақ, билік пен қоғам арасындағы пәрменді байланыс құралы. Ақпарат құралдарында түрлі көзқарастар тоғысады. Оны қоғам тынысының барометрі деуге болады. Осы саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін ақпарат саясатын түбегейлі қайта қарау қажет. Креативті индустрияны жаңа деңгейге көтеруіміз керек. Қазір медиа саласы, кино және сериал, мультфильм, спорт және музыка шоулары, компьютер ойындары мен кітаптар – бәрі бірігіп, біртұтас жүйеге айналды», - деді.

Бұл пікірді жергілікті журналистер бір ауыздан құптайтынын әлеуметтік желіде жарыса жазып жатыр.

Мәселен, Қазақстан журналистер Одағының Павлодар облысындағы филиалының басшысы, Қазақстан ұлттық телеарнасының аймақтағы меншікті тілшісі Болат Аманбаев та өз ойын ортаға салып, Facebook парақшасында жариялады.

- Мемлекет басшысы өте өзекті мәселе көтеріп отыр. Біздің өңірде проблема көтерген, өзіндік пікірі бар журналисті жергілікті билік жау көреді. Бұл қоғамның алға басуына өте үлкен кедергі. Обьективті, дәлел мен дәйегі нық материалдардың шешімін табуды ойлаған дұрыс. Және міндетті түрде кері байланыс болуы керек. Бұл қазір ақсап жатыр, - деді ол.

Айта кетелік, ұлттық құрылтайдың екінші отырысынан арнайы телешығарылым көрсетіледі. Бүгін сағат 21:00-де республикалық телеарналарда Ұлттық құрылтайдың екінші отырысынан арнайы шығарылым көрсетіледі. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Еске салсақ, бүгін Түркістанда Президенттің қатысуымен «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы өтті.