Павлодар ауданында көктемгі су тасқынына дайындық қалай жүріп жатыр?

Павлодар ауданында көктемгі су тасқынына дайындық қалай жүріп жатыр?
Фото: @didar.ibrayev

Өткен жылғы оқиғаның алдын алу мақсатында қарды шығару, су ағатын арықтарды тазалау және бөгеттерді нығайту жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бүгін аудан әкімі Дидар Ибраев Рождественка, Розовка, Ефремовка және Даниловка ауылдарындағы су басу қаупі бар аймақтарға барып, дайындық жұмыстарымен танысты. Өткен жылы Рождественка ауылында су деңгейінің көтерілуіне елді мекендерден қардың уақтылы шығарылмауы себеп болған. Осыған байланысты биыл алдын алу шаралары күшейтілді.

– Бұл ретте, тұрғындарды өз жеке үй иелерінің аумақтарын уақтылы тазалау жұмыстарына белсенді қатысуға шақырамын. Сонымен қатар, жауапты әріптестеріме ақпан айында ауылдарда, сондай-ақ тұрғын үйлердің аулаларында жиналған барлық қарды сәйкесінше шығаруды тапсырдым, – деп жазды аудан басшысы өзінің Instagram-парақшасында.

Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша Розовка ауылынан Максимовка бағытына қарай үйінділер жасалып, су өткізу арықтары тазартылды. Наурызға дейін Ефремовка ауылында бөгет салынып, айналма су арналары қазылмақ. Даниловка ауылында да қорғаныс үйінділерін нығайту жұмыстары жүргізілетін болады.

Сондай-ақ, аудан әкімдігінде көктемгі тасқын кезеңіне дайындықты үйлестіру үшін арнайы жедел штаб құрылды. 

Тұрғындар қардың сапасыз немесе кеш тазалануына байланысты +7(705)559-47-06 WhatsApp нөмірі арқылы хабарласа алады.