Павлодар облысында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы қалай іске асуда
Бағдарламаның қызығын көріп, ауылдары ерекше әспеттеліп келе жатқан ауданның бірі - Аққулы ауданы. Мұндағы Аққулыдағы Жамбыл ауылы айтарлықтай өзгерген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, аймақтағы аудандарда ауылдарды абаттандыру, жолдарды жөндеу және инфрақұрылым объектілерін салу жұмыстары әлі де жалғасуда. Биыл Аққулы ауданының Жамбыл ауылы айтарлықтай өзгеріске енді. Мұнда жаздың соңына дейін «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында мәдениет үйіне, мектепке жөндеу жүргізіліп, көшелер асфальтталады.
- Бүгінгі таңда мәдениет үйінің қасбетін жөндеу, қабырғаларын әрлеу жұмыстары аяқталды, терезелері, электр сымдары және шатыры ауыстырылды. Жылу жүйесін монтаждау, едендерді төсеу және есіктерді орнату жұмыстары жалғасуда.
Жамбыл орта мектебіне толықтай күрделі жөндеу жүргізіледі, жылу және электр жүйелері жаңартылады, аумағы абаттандырылып, жаңа спорт алаңы орнатылады, - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, Жамбылда ауыл ішіндегі 5 көшеге 6,1 км асфальт төселеді.
Бұдан бөлек, аталмыш бағдарлама негізінде Жаңатан ауылында жаңа су құбыры салынуда. Қазір 6,3 км сумен жабдықтау желілерін монтаждау аяқталып, 41 құдық және 18 өрт гидранты орнатылған. 66 тұрғын үй мен үш әлеуметтік нысанға су тартылды.
Осы жылдың соңына дейін Әйтей, Шабар, Тақыр, Қызылқоғам, Майқарағай ауылдарында жаңа су құбырлары пайда болады. Осылайша, ауданда таза ауыз сумен қамтамасыз ету 100% құрайды.