Екібастұзда супермаркетке баға жапсырмаларынсыз тауар сатқаны үшін айыппұл салынды
Бұл туралы Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Департаментке қала тұрғыны жүгініп, сауда орнында бірқатар тауарларда баға көрсетілмегенін мәлімдеген. Өтінішке тиісті фотодәлелдер қоса тіркелген.
Басқарма басшысы Болат Тұрмағанбет аталған дерек бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, витриналарда қойылған тауарлардың бір бөлігінде баға жапсырмаларының жоқ екені расталғанын айтты. Қолданыстағы Ішкі сауда қағидаларына сәйкес, сатушы әрбір тауарға оның атауы мен бағасы көрсетілген нақты әрі дұрыс рәсімделген жапсырманың болуын қамтамасыз етуге міндетті.
– Тексеру барысында супермаркет өкілдері заңбұзушылық фактісін мойындады. Сондай-ақ бұл кәсіпкерлік субъектісі бұған дейін де осыған ұқсас құқық бұзушылық үшін жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. Қайталанған бұзушылыққа байланысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды, – деді департамент басшысы.
Сонымен қатар сауда нысанына анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Департамент өкілдері тұтынушыларды мұндай жағдайларда өз құқықтарын қорғауға және заң талаптарының сақталуын талап етуге шақырады.
Бұл ретте, департаментке 2025 жылы екі мыңнан астам өтініш келіп түскен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсім бар екенін көрсетеді. Өтініштердің басым бөлігі бөлшек сауда саласына тиесілі, сондай-ақ тұрмыстық қызметтер мен электрондық саудаға қатысты шағымдар да көбейген.
– Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2025 жылы тұтынушыларға 93 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды. Ал 2026 жылдың қаңтар айының өзінде 14 миллион теңгеден астам қаржы өндірілді, – деді Болат Тұрмағанбет.
Мемлекеттік бақылау аясында өткен жылы жүздеген тексеру жүргізіліп, тексерулер саны өткен жылмен салыстырғанда едәуір артқан. Сауда саласында 200-ден астам заңбұзушылық анықталды. Олардың ішінде сауда үстемесін негізсіз асыру және тауар бағасын теңгемен көрсетпеу деректері жиі кездеседі. Нәтижесінде көптеген кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалаған.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытында да ондаған тексеру жүргізіліп, бірқатар кәсіпкер жауапқа тартылды. Негізінен кәсіпкерлердің тұтынушылар талаптарына жауап бермеуі мен ақпарат ұсынбауы сияқты заңбұзушылықтар көптеп тіркелуде.
Сондай-ақ департамент сот процестеріне белсенді қатысып, ондаған іс бойынша тұтынушылардың мүддесін қорғаған. Соның нәтижесінде миллиондаған теңге тұтынушыларға қайтарылды.