Павлодарлық шаруалар чипсыға арналған картопты жинауға кірісті
Фермерлер элиталы тұқым қорын толықтырып, өңдеуге арналған картопты жинауға кірісті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар ауданындағы шаруа қожалықтары егіс алқаптарындағы жұмыстарын қызу жүргізіп жатыр. Солардың бірі – Сычевка ауылындағы «Агро Союз» шаруа қожалығы. Мұнда азық-түлікке арналған картоппен қатар, Lay’s компаниясының чипсы өндірісіне бағытталған арнайы сұрып та өсіріледі.

Шаруа қожалығының басшысы Сергей Тилининнің айтуынша, кәсіпорын Қазақстанда чипсылық картопты алғашқылардың бірі болып өсіре бастаған. Бұған дейін өнім сыртқы нарыққа экспортталса, қазір негізгі бағыт – Алматы облысында орналасқан халықаралық чипсы өндіруші компанияның зауыты.
– Үш күннен бері суперэлиталық чипсылық картопты тұқымға жинап жатырмыз. Серіктес компанияның бөлінісіне сәйкес, отырғызу материалдары өңірдегі шаруа қожалықтарына таратылады. Біз тұқым шаруашылығы мәртебесіне иеміз. Сондықтан алдағы уақытта облыста өндіріс көлемін ұлғайту үшін еуропалық сортты өсіріп жатырмыз, – дейді Сергей Тилинин.
2020 жылдардың басында фермерлер картопты Новосібір мен Кашираға жеткізген. Қазір өнім Алматыға жөнелтіледі. Бір маусымда шаруашылық 3 мың тоннадан астам картоп өндіреді. Оның құрамында тұқымдық материал да, өндірістік шикізат та бар. Бұл көлемнің шамамен үштен бірін тұқым құрайды.

Шаруашылық тұқым шаруашылығымен екінші жыл айналысып келеді және Павлодар облысында осы бағытта жұмыс істейтін санаулы кәсіпорынның бірі. Биылдан бастап шетелдік серіктес өндірісте толығымен қазақстандық шикізатқа көшуді жоспарлап отыр.
Фермерлердің айтуынша, чипсылық картопты өсіру мен сақтау талаптары асханалық картопқа қарағанда әлдеқайда қатаң.
– Арнайы препараттар мен өз технологиямызды қолданамыз. Олар кәдімгі азық-түлік картобын өсіруде пайдаланылмайды. Чипсылық картопқа сақтау кезінде де басқа жағдай қажет. Қарапайым картопты плюс төрт градуста сақтасақ, чипсылық картопты плюс сегіз градуста ұстаймыз. Бұл қант деңгейінің жоғарылап кетпеуі үшін қажет, – деді Сергей Тилинин.
Шаруашылық алқаптарында гектарына 35–40 тонна өнім жиналады. Биылғы аптап ыстық пен қуаңшылыққа қарамастан, суару жүйесінің арқасында шаруалар жақсы көрсеткішке қол жеткізген.
– Сорғылар тоқтаған жоқ, техника да ақаусыз жұмыс істеді. Отырғызу кезінде де, вегетациялық кезеңде де қиындық болған жоқ, – деді фермер.
Мұндай дақылды өсіруде алқаптарды өңдеуге ерекше көңіл бөлінеді. Агроном Роман Мальцевтің айтуынша, картоп шаруашылығында гербицидтерді дұрыс таңдау маңызды. Себебі препараттар мен технологиялар үнемі жаңарып отырады. Ал чипсылық картоп үшін қойылатын талап одан да жоғары.

– Чипсылық картоп гербицидтерге өте сезімтал. Дозаны сәл арттырсаңыз, өсімдікті күйдіріп жіберуіңіз мүмкін. Сондықтан өңдеу жұмысына өте мұқият қарау керек. Екінші жыл жұмыс істеп жатырмыз, картоп өте жақсы, сабағы қуатты, тұқымы сапалы. Өңдеуден кейін алқаптар таза. Препараттарды өзім таңдаймын, әріптестеріммен кеңесіп, тәжірибе алмасамыз. Ауа райы мүмкіндік берсе, жел жоқ кезде түнде жұмыс істеймін. Менімен бірге үш механизатор еңбек етеді, – деді агроном.
«Агро Союз» шаруа қожалығы ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға «ҚазАгроҚаржы» компаниясының лизингтік бағдарламасы арқылы шамамен 1 млрд теңге қаржы алған. Несие 12,6 пайыздық мөлшерлемемен берілген.
– Қазір картопты жинауға, отырғызуға және сақтауға қажетті техникамен 100 пайыз қамтамасыз етілдік. Grimme компаниясының сепкіштері мен комбайндары бар. Бұл тиімді шарттар. Нарықтан техниканы сәл арзанырақ сатып алуымыз мүмкін еді, бірақ тәжірибе көрсеткендей, мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдаланған дұрыс, – дейді шаруашылық өкілдері.
Қожалық 2014 жылдан бері жұмыс істейді. Алғашында мұнда көкөніс те өсірілген, кейін бұл бағыт тоқтатылған. Соңғы екі жылда картоп шамамен 600 гектар жерге егілуде.


Чипсылық картоп 100 гектар алқапта өсіріледі. Қалған жерлерге азық-түлікке арналған картоп егіледі. Өнім Өзбекстанға, Қазақстанның басқа өңірлеріне және шекара маңындағы аумақтарға жеткізіледі.
Қазір егіс алқаптарында жиын-терім науқаны жалғасып жатыр. Фермерлер өңдеуге қажетті өніммен қатар, келесі маусымда Павлодар облысының шаруашылықтарына таратылатын сапалы тұқым қорын қалыптастыруды көздеп отыр.