Ертіс-Баян өңірі туристік әлеуетін күшейтіп жатыр

Ертіс-Баян өңірі туристік әлеуетін күшейтіп жатыр
Фото: Константин Шелков

Аймақта жазғы маусымға дайындық қызу жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыста туризм көрсеткіштері жыл сайын өсіп келеді. Өткен жылы аймаққа 200 мыңнан астам турист келген. Соның 160 мыңы Баянауылда демалған. Биыл бұл көрсеткішті 256 мың адамға жеткізу жоспарланған. Ішкі туризм жыл сайын орта есеппен 27 пайызға өсіп келеді. Дегенмен облыс әкімі жоспарды қайта қарау керектігін атап өтті. Оның пікірінше, қазіргі геосаяси жағдайға байланысты ішкі туризм артуы мүмкін.

– Қазір көбі үйренген бағыттарда қауіпсіздік жағдайы ушығып тұр. Сол себепті келушілердің саны артуы әбден мүмкін. Сондықтан сіздер 300 мыңға жуық туристі қабылдауға дайын болуларыңыз керек. Көпке дайындалсаңыздар, жүйе де соған сай болады. Осы орайда медицина қызметкерлері, төтенше жағдайлар басқармасы, тәртіп сақшылары бәрі бұл санға дайын болу керек. Бұл бағыттағы жұмыстарды қолға алыңыздар, – деді Асайын Байханов.

Аймақта туризмді дамыту үшін жаңа жобалар да қолға алынған. Биыл Жасыбай жағажайын абаттандыру қолға алынады. Жоба құны 1,84 миллиард теңгені құрайды. Ал 2026-2027 жылдары «Novotel» қонақ үйі, аквапарк, демалыс үйі, мәдени демалыс орталығы сияқты 22 миллиард теңгеге бес инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған.

– Бүгінде өңірде 149 орналастыру нысаны бар, олардың бір мезеттегі сыйымдылығы он мыңнан астам төсек-орынды құрайды. Жаз мезгілінде демалушылардың негізгі ағыны Баянауыл курорттық аймағына, Маралды көліне және Павлодар қаласына бағытталады. Сонымен қатар Аққулы ауданындағы Тұзқала, Солнечный кентінің жағажайы мен Шалдай қарағайлы орманы да танымал демалыс орындары саналады. Өңірге келетін туристердің басым бөлігі Ресей Федерациясының шекаралас аймақтарынан, сондай-ақ Қарағанды облысы, Астана қаласы, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарынан келеді, – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Ахметжанов.

Сонымен қатар жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Осының аясында 48 шақырым болатын жол инфрақұрылымының үш жобасын іске асыру жоспарланып жатыр. Жоба сомасы үш миллиард теңгеден асады. 

– Жол болмаса, туристер келмейді. Бұл мәселе әрқашанда шешім таба алады. Оны рет-ретімен, қадам-қадамымен  жоспарлап шешу керек. Сондықтан да мердігерлер дайындайтын жобалық-сметалық құжатты бізге ұсыныңыз. Біз облыстық бюджеттен қаражат бөлейік. Келесі көктемде, маусым басталмай тұрып жұмыстар басталып кетсін, – деді облыс әкімі.

Қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмады. Жаз мезгілінде туристер көп шоғырланатын орындарда полиция, құтқарушылар мен медицина қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істейді. 

Жиналыс барысында Асайын Байханов, өңірдегі табиғаттың сұлулығын әлеуметтік желіде насихаттау үшін арнайы блог-турларды ұйымдастыру жөнінде бастаманы да қозғады. 

Еске сала кетейік, бұған дейін өңір басшысы жұмыс сапары аясында Баянауылда бой көтеріп келе жатқан визит-орталықтың құрылыс жұмысымен таңысқан еді. Кейін Сабындыкөл өзенінің жағасын тамашалады.