Павлодар эковолонтерлері «Таза Қазақстан» бастамасын қолдауға белсенді атсалысуда
Өңірде эковолонтерлер қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастыруда белсенді жұмыс жүргізіп отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл бағыттағы жұмыстар «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының аясында жүзеге асырылуда. Бүгін эковолонтерлердің жетістіктері мен бастамалары туралы ашық айтылып, олар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті.
Мемлекет басшысы форумға қатысушыларды құттықтап, волонтерлердің маңыздылығын атап өтті.
– Бәріңіз де бүгінгі форумға еліміздің әр аймағынан келіп отырсыздар. Мен Сіздерді қоғам игілігі үшін қызмет етіп жүрген Қазақстанның нағыз отаншыл, жасампаз және қамқор жастары деп санаймын. Ерікті болу – игі істер жасау, жақсылық істеп, басқаға үлгі көрсету, Отаныңа адал қызмет ету, туған жеріңе жанашыр болу деген сөз, – деді Президент.
Павлодар облысының эковолонтері Бауыржан Жақыпов өз сөзінде өңірдегі жұмыстар мен нәтижелерге тоқталды.
– Біз – экологияны ұранмен емес, нақты іспен қорғауды мұрат етеміз. Павлодар өңірінде эковолонтерлер бос жатқан аумаққа 50 мың ағаш отырғызып, оны орман алқабына айналдырды. Бұл жұмыс бір жылмен шектелмейді – жыл сайын жалғасатын жүйелі еңбек. «Таза Қазақстан» жобасы тек экологиялық шара ғана емес, ол қоғамдық мінез-құлыққа, ортақ құндылыққа айналып келеді, – деді Бауыржан Жақыпов.
Эковолонтерлер атап өткендей, жобаның жетістіктері тек Павлодарда ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінде де байқалады. Мәселен, Қызылорда облысында жергілікті тұрғындармен бірлесе отырып, 96 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылған. Жалпы, 2025 жылы «Таза Қазақстан» бастамасы аясында 781 мың волонтерді қамтыған 1 200-ден астам іс-шара өткізілді, 844 мың тоннадан астам қалдық жиналды, 3 млн-ға жуық ағаш отырғызылды.
Эковолонтерлер күнделікті өмірде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға шақырады.
– Біздің тұрмысымыздағы ең кең таралған зиянды әдеттердің бірі – пластик заттарды қолдану. Бір рет қолданылатын пакетті мата сөмкемен алмастыру, өз бөтелкеңмен жүру, қайта пайдалануға болатын өнімді таңдау – қиын іс емес, әрбір адамның табиғат алдындағы жауапкершілігі, – деді Бауыржан Жақыпов.
Сонымен қатар, эковолонтерлер өндіріс орындарында жасыл технологияларды енгізу, энергияны үнемдеу және ресурстарды тиімді пайдалану арқылы экологияны қорғауға үлес қосу қажеттігін атап өтті. Олар Microsoft және IKEA сияқты әлемдік алпауыт компаниялардың тәжірибесін үлгі тұрып, отандық ірі өндірістерде де осындай жобаларды жүзеге асыру маңызды екенін атап өтті.
– Біз эковолонтерлер мемлекеттік органдармен бірлесе қызмет атқаруға дайынбыз. Табиғатты қорғау – әрбір адамның күнделікті ісі, өмір салты болуы тиіс, – деді Бауыржан Жақыпов.
Эковолонтерлердің айтуынша, қазіргі жастардың белсенділігі мен азаматтық жауапкершілігі – «Таза Қазақстан» жобасының басты жетістігі. Павлодардағы бастамалар болашақ ұрпаққа экологиялық мәдениетті қалыптастыруда нақты үлгі болып отыр.