Лермонтов көшесіне қатысты алып-қашпа әңгімелерге нүкте қойылды

Лермонтов көшесіне қатысты алып-қашпа әңгімелерге нүкте қойылды
Фото: автор

Павлодарда Лермонтов көшесінің тарылтылып жатқаны туралы қауесет шындыққа жанаспайды. Бұл туралы қала әкімі Хасар Хабылбеков тұрғындармен кездесуде мәлімдеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қ. Әбусейітов атындағы мәдениет сарайында өткен жиын жаңа форматта өтті. Әкім биылғы есептік кездесудің форматы өзгергенін айтты.

- Біз бүгін әдеттегі ұзын-сонар баяндамадан бас тарттық. Оның орнына қаланың негізгі даму көрсеткіштеріне арналған бейнематериалды көрдіңіздер. Есесіне, уақытты тиімді пайдаланып, сіздердің сұрақтарыңызға, ұсыныс-тілектеріңізге көп ден қоймақпыз, - деді Хасар Айтпекұлы.

Шаһар басшысы сұрақ-жауап сәтінде тұрғындардың өтініштеріне бірден жауап беріп, кейбір мәселелерді сол сәтте шешті. Мәселен, №2 емханада гастроэнтерологтың жоқтығы жөнінде айтылған болатын. Жиынға қатысқан салаға жауапты мамандарға мәселені бір күннің ішінде шешу тапсырылды.

Лермонтов көшесіне қатысты сауал да назардан тыс қалмады. Көлік жолақтары қысқартылады деген пікірді әкім жоққа шығарды. Керісінше, бұрынғы төрт жолақты жүйе сақталып, тек жол қозғалысын ретке келтіру жұмыстары жүргізілгенін атап өтті.

Автобус «қалталарының» не себепті алынғаны да түсіндірілді. Енді автобустар аялдамаларға тікелей тоқтап, қозғалысын кедергісіз жалғастыра алады.

— Бұл көлік жүргізушілеріне емес, ең алдымен жаяу жүргіншілерге ыңғайлы болу үшін жасалып жатыр. Мұндай қадам көше бойындағы бизнестің дамуына да ықпал етеді, — деді қала басшысы.