Ертіс ауданында анасын балағаттаған баласы жауапқа тартылды
Ол үйіне мас күйінде келген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Ертіс ауданында тұратын 83 жастағы әйел тәртіп сақшыларына хабарласып, туған баласы оған агрессия көрсетіп, балағаттап жатқанына шағымданған.
– Учаскелік полиция инспекторы азаматқа қатысты осындай құқық бұзушылық үшін әкімшілік хаттама толтырып, сотқа жолдады. Нәтижесінде 47 жастағы ер адам ҚР ӘҚБтК-нің 73-1-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ол бес тәулікке қамақа алынды, – деді Павлодар облысы Ертіс аудандық полиция бөлімінің бастығы Серік Үсенов.
Бұдан басқа, ер адамға қатысты бұрын шығарылған қорғаныс нұсқамасын бұзғаны үшін ауыл тұрғынына ҚР ӘҚБтК-нің 461-1-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Соттың шешімі бойынша ол 10 тәулік мерзімге қамауға алынған болатын.
Айта кетейік, жыл басынан бері Павлодар облысында отбасылық жағдайда 1213 құқық бұзушылық анықталды.