Павлодар облысында ресейлік бидайды заңсыз сатқан азамат табылды

Павлодар облысында ресейлік бидайды заңсыз сатқан азамат табылды

Астықты Қазақстан арқылы Ауғанстан, Тәжікстан, Өзбекстан  елдеріне саудалаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, ресейлік бидайды қазақстандық өнім ретінде экспорттау үшін жалған келісім-шарттар бойынша заңсыз әкелу схемасын ҚМА Павлодар облысы бойынша Департаменті анықтады. 

– Анықталған азамат 2021-2022 жылдар аралығында 26 мың тонна ресейлік бидайды Орталық Азия елдеріне (Ауғанстан, Тәжікстан, Өзбекстан) қазақстандық өнім деп жазылған жалған шот-фактуралар бойынша 1 млрд теңгеден астам сомаға экспорттаған, – делінген хабарламада. 

Осылайша, жалпы сомасы 460 млн теңгені құрайтын халықаралық транзиттік тариф бойынша тасымалдау төлемдерін төлеуден жалтарған. 

Сотқа дейінгі тергеу аяқталды. ҚР ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес тергеу мүддесіндегі өзге де мәліметтер жария етілуге жатпайды. 

– Тек соңғы бір жарым жылда Павлодар облысында 5,4 млрд теңгеден астам сомаға жалған шот-фактураларды бергені үшін 5 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды, – делінген хабарламада. 

ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.

Фото: Константин Шелков