Павлодар тұрғыны ыдыс-аяққа арналған сертификатын қолма-қол ақшаға айырбастады
Тұтынушылар сертификатты ақшалай баламаға ауыстыруға құқылы, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz тілшісі.
Осындай әрекет жасауға облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мамандары көмектесті.
Ведомство басшысы Дәулен Қабдушев соңы жақсылыққа ұласқан дерекпен бөлісті.
– Мамандардың көмегіне 35 мың теңге сомасында ыдыс-аяққа арналған сертификат алған әйел жүгінді. Алайда, клиентке ас үй жабдықтары қажет болмағандықтан, ол сертификатты қолма-қол ақшаға айырбастау үшін дүкенге барған. Кәсіпкер тұтынушыға ақшалай қаражат беруден бас тартқандықтан, мәселені заң жүзінде шешуге тура келді, – дейді Дәулен Қабдушев.
Тексеріс қорытындысы бойынша кәсіпкер жауапкершілікке тартылды. Ал әйел сертификат құны көлеміндегі ақшаны қайтарып алды.
Дәулен Қабдушевтің айтуынша, қолданыстағы заңнама тұтынушының сыйлық сертификатының толық құнын ақшалай баламада алуға құқығы бар.
Мамандар кез келген сыйлық сертификаты үш жыл бойы жарамды екенін ескертеді. Ол тауар ретінде табысталса, осы мерзім ішінде сертификатты пайдалануға рұқсат. Тек акция аясында сыйға тартылатын және сатып алушы төлемейтін сертификаттар бойынша ғана ерекшелік болуы мүмкін.
Айта кетейік, сала мамандары қымбат косметика сатып алған Павлодар тұрғынының құқығын қорғады. Күтім құралдарының бағасы – 1 миллион 200 мың теңге.
Жыл басынан бері облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 1605 шағым түскен. Өткен жылы 1304 дерек тіркелген. Тексеру жұмыстарының нәтижесінде тұтынушыларға 88 миллион теңге қайтарылды.
Азаматтардың құқықтары жиі бұзылатын салалардың қатарында бөлшек сауда, тұрмыстық қызметтер ұсыну және электронды сауда-саттық бар.