Майқайың кентінде палуандар дзюдодан спорт шеберін еске алды
Еске алу турнирінде 300-ден астам жасөспірім белдесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Кенттік балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі баспасөз қызметінің мәліметінше, күрес залында дзюдодан спорт шебері, ҚР Ұлттық қарулы күштерінің офицері Бауыржан Баймурзинді еске алуға арналған 2010-2012 жылы туған ұлдар мен қыздар арасында дзюдо кұресінен облыстық ашық турнир өтті.
Аталмыш сайысқа Астана, Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларының, Ақтоғай ауданының, Атамекен, Қалқаман, Майқайың кенттерінің және Бірлік ауылының командалары қатысты.
13 салмақ дәрежесінде белдесуге 300-ден астам спортшы бақ сынасты.
Жарыс нәтижесі бойынша бірінші орынды Нұрислам Жұмабаев(29 келі), Мирас Ашим(35 келі), Мөлдір Абылай(63 келі); екінші орынды Нұрасыл Ерлан(29 келі), Нұрқанат Зәлелбек(35 келі), Қуаныш Жұмабеков(38 келі); үшінші орынды Жасұлан Ануарбеков(29 келі), Ернар Саяхат(32 келі), Мәди Базарбек(42 келі), Айым Абылай(63 келі) иеленді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен, дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Жарысқа Алтынбек Қойшыбай төрешілік етті.