Павлодарлық хирург: Бес күндік сәбиге жасалған ота ерекше есте қалды
@Pavlodarnews.kz тілшісі облыстық балалар ауруханасының неонатолог-хирургы Жандос Мусинмен сұхбаттасып қайтты.
Жандос Сарқытұлы, бұл салада қызмет атқарып жүргеніңізге қанша уақыт болды?
– Мен 2017 жылы Семей мемлекеттік медициналық университетін хирург мамандығымен аяқтадым. Балалар хирургі болу үшін үш жыл резидентура оқу керек. Бұл оқу кезеңін Павлодар қаласындағы облыстық балалар ауруханасынан бастадым. Резидентураны аяқтаған соң маман ретінде осы ауруханада қызмет атқарудамын. Бұл қалаға алғаш келгенде қиындау болды. Алайда ауруханадағы әріптес аға-апайлар көмектесіп, көп нәрсеге үйретті. Жалпы бұл салада жүргеніме алты жылдың жүзі болып қалды.
Неліктен неонатологиялық хирургияны таңдадыңыз?
– Шынымды айтсам, ересектерді емдеуді онша қатты ұната қоймаймын. Енді практика кезінде ауруханаға түрлі науқастар түрлі аурулармен, түрлі жағдаймен келетін. Ал балаларды емдеу өзіме қызық болатын. Қызыға келе менің қазіргі мамандығыма айналды. Алайда балаларды емдеу ересектерден қарағанда қиынырақ. Себебі, олардың ағза, сүйектері кішкентай.
Осы уақытқа дейін қанша операция өткіздіңіз?
– Жылына шамамен 400-500 операция жасаймыз. Әрбір отаға іштей моральді тұрғыда дайындалып кіремін. Ота барысында қалай кесіп, қалай тігетініме дейін ойластырып қоямын. Күніне орташа есеппен екі-үш ота жасалады. Айта кету керек, операция кез келген уақытқа жоспарлануы мүмкін. Бала уақыт таңдап ауырмайды ғой. Сондықтан қайда жүрсем де кез келген уақытта кетіп қалуым мүмкін. Басында үйде түсініспеушіліктер болатын. Кейін отбасып үйреніп кетті.
Тәжірибеңіздегі ең қиын ота жайлы айтып өтсеңіз.
– Соңғы рет бес күндік балаға ота жасаған болатынмын. Оның ішінің астыңғы жағында үлкен ісік пайда болған. Бұл ісікті медицинада «тератома» деп атайды. Баланың бойы шамамен 15-20 сантиметр болса, сыртқы ісіктің көлемі – бес сантиметр. Операция шамамен үш сағатқа созылды. Ота сәтті аяқталды.
Отаға көбінесе науқастар қандай аурумен кіреді?
– Науқастар негізінде шұғыл жағдаймен келеді. Көбінесе іш ауруымен жүгінеді. Ал аурулардың ең көп тарған түрлері –аппендицит, жыныстық мүшенің ауруы. Көбінесе балалар ойнап жүріп мүшелерін соғып алып, жарақаттанып жатады. Ең алдымен балалар ата-аналарымен ауруға шағымданып келсе, кезекші дәрігер тексереді. Егер жағдай ушыққан болса, бірден операцияға кіргізіледі.
Қызметіңіз қаншалықты қиын? Жауапкершілікті сезінесіз бе?
– Әрине, былай айтқанда Алладан кейін адамның өмірі біздің қолымызда десе болады. Қолымыздан келгенін, үйренгенімізді жасаймыз. Бізге қойылатын жауапкершілік таудан да биік. Кейде отаның оңай, сапалы өтуіне өзіміз де жағдай жасаймыз. Мәселен, жақында ота барысында хирургтар киетін көзілдірікті өз қаражатыма сатып алдым. Бұл көзілдіріктер арзан тұрмайды. Мекемедегі операциялық құралдар да ескірген. Ауруханамызға жаңа құрал-жабдықтар қажет.
Айта кету керек, Жандос Сарқытұлы әлеуметтік желіде де белсенді. YouTube, Instagram сынды желілерде өзінің ота, операция, аурулар туралы бейнежазбаларын жариялап тұрады.