Павлодарлық «Ноғай» гладиаторлар дәуірінің оралғанын армандайды
Қазақстандық аралас жекпе-жек жауынгері Фаниль Рафиков жоспарлары туралы айтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ноғай» лақап аты бар жауынгер «NAMYS FIGHTING» арнасына берген сұхбатында ирандық Мұхаммед Хейбатиге қарсы жекпе-жек салдары туралы әңгімеледі. Естеріңізге сала кетейік, Қарағандыда өткен кездесуде Фанил Рафиков жеңіске жеткен болатын.
- Кездесу қызықты болды, оған тоғыз мыңнан астам көрермен жиналғаны бекер емес қой. Кездесуге дейін біз бір қонақүйде тұрдық, бәрі дұрыс, ешқандай қақтығыс болған емес. Жекпе-жектен кейін мен оған өте жақсы жауынгер екендігін айттым. Оған тек сәттілік тілеймін, - дейді 30 жастағы спортшы.
Жақында «Ноғай» бірнеше аралас стильдегі жауынгерді жекпе-жекке шақырды. Олардың қатарында қазақстандық Дамир Исмағұлов бар. Кейбір жекпе-жек жанкүйерлерінің хейтіне қарамастан, Фанил Рафиков жерлесін жекпе-жекке шақырудан еш ыңғайсыздықты сезінбейді.
- Мен бразилиялық ноунеймдермен, бұрынғы UFC жауынгерлерімен жұдырықтаса аламын, бірақ мен басқа жолды таңдадым – мықтылармен жұдырықтасу. Дамир солардың бірі ғана. Сол Зубайра Тухуговпен немесе Саша Грозинмен жекпе-жек қызықты болар еді, бірақ бұл жерде бәрі қаржыға келіп тіреледі. Жалпы, мен баяғы жақсы гладиатор заманындағыдай қанға батып, бес минутқа шығып, өзімізді-өзіміз өлтіреміз деп армандаймын. Мен Дамирді барынша сыйластықпен, шектен шықпай шақырдым. Ол жауап берді және мерзімдерді белгіледі, бірақ олар маған сәйкес келмейді. Әрі қарай көреміз, - деп жауап берді Фаниль Рафиков.
Павлодар қаласының тұрғыны Рафиков 2014 жылдан бері ММА бойынша өнер көрсетіп келеді, Alash Pride және ACA турнирлерінде жекпе-жек өткізіп, жеңіл салмақтағы Naiza белбеуіне ие болды және соңғы жекпе-жегінде Нариман Абрамовты шешімімен жеңіп, мансабындағы ең шулы жеңіске жетіп, Naiza мен Fight Nights Global бірлескен белбеуін иемденді.