Павлодарлық боксшы Испаниядағы турнирде күтпеген жерден жеңілді

Павлодарлық боксшы Испаниядағы турнирде күтпеген жерден жеңілді
Фото: ppu.edu.kz

Қазақстандық боксшы Серік Теміржанов Испанияның Ла-Нусия қаласында өтіп жатқан Boxam Elite-2026 халықаралық турниріндегі өнерін ерте аяқтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өткен алғашқы жекпе-жекте Ертіс ауданының тумасы канадалық Кеому-Али Аль Ахмадиге 2:3 есебімен жол беріп, жүлде үшін күрестен шығып қалды. Әлем чемпионатының 2021 жылғы және Азия біріншілігінің 2022 жылғы күміс жулдегері бұл жарысты медальсыз аяқтайды.

Токио Олимпиадасының қатысушысы турнир фавориттерінің бірі саналған еді. Қазақстан құрамасының өзге өкілдері әртүрлі нәтиже көрсетті: Махмуд Сабырхан (55 келі) жартылай финалға шығып, кемінде қола жулдені қамтамасыз етсе, Бексултан Боранбек (55 келі) алғашқы айналымда жеңілді.

Естеріңізде болса, Серік Теміржанов 2025 жылдың желтоқсанында Дубайда өткен әлем чемпионатының ширек финалына дейін жетіп, сол кезеңде Тәжікстан өкілі Акмаль Убайдовтан ұтылған еді.

Boxam Elite-2026 турнирі 3–8 ақпан аралығында өтіп, ерлер мен әйелдер арасындағы әлемнің мықты боксшыларын бір алаңға жинады.