Нағыз депутат қандай болуы керектігі Павлодарда айтылды
Естай атындағы мәдениет сарайында мәслихаттардың 30 жылдығы аталып өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Мәслихаттарға 30 жыл: көппартиялық – өңірлік дамудың негізі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысын Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов ашты. Ол облыстың депутаттық корпусына бірлескен жемісті жұмысы үшін алғысын білдірді.
– Ел Президенті мәслихаттарды мемлекеттік биліктің маңызды бағыты деп атап өтті. Қоғам әрқашан өзгеріс пен реформаларды талап етеді. 30 жыл аз уақыт емес, Отанымыз соңғы жылдары саяси жаңғыруға бет алды. Бұл ретте тұрғындардың әл-ауқаты мен сұранысы біздің басты назарымызда болуы тиіс. Мемлекет басшысы ел экономикасында алты проценттік өсімді міндеттеді және оның нәтижесін әрбір адам сезінуі керек, - деді өңір басшысы.
Конференцияға модераторлық еткен облыстық мәслихаттың төрағасы Илья Теренченко қатысушыларға сындарлы пікірталас тіледі. Оның айтуынша, 30 жыл ішінде мәслихаттар жергілікті қоғамдастықтың мүддесін тиімді білдіретін және аймақтағы өзекті мәселелерді шешетін саяси жүйенің маңызды элементіне айналды.
Өз кезегінде Қазақстан мәслихаттары қауымдастығының төрағасы Төлеубек Мұқашев идеалды депутат қандай болуы керек деген сауалға жауап берді. Қоғам белсендісі мықты депутаттар мәслихаттардың сапалы жұмысын қамтамасыз етіп, халықтың әл-ауқатын арттырып, облыс экономикасын көтереді деп есептейді.
– Ең дұрысы, депутат – бұл жай шенеунік емес, біріншіден, бұл халықтың ортасында тұрып, олардың мәселесін түсініп, шешуге көмектесетін адам. Депутат қолжетімді, шыншыл, жауапты болуы керек, ол өз сайлаушысын жабық, жайлы кабинеттерде емес, көшелерде, егіс алқаптарында, өндіріс орындарында тыңдауы керек екені анық. Ол өз ауданын бес саусағындай білуі керек. Идеал депутат – білімді, білікті, іс-әрекетке бейім, кәсіби және белсенді адам. Бірақ бастысы ол халқын, туған жерін сүю керек, - деді Төлеубек Мұқашев.
Естай атындағы мәдениет сарайының фойесінде Павлодар облысы мәслихаттарының қалыптасу тарихынан сыр шертетін шағын көрме қойылды. Оны облыс әкімі Асайын Байханов аралап көрді.
1994 жылы 7 наурызда Қазақстан Республикасында алғашқы жергілікті өкілді органдар – мәслихаттар сайлауы өтті. Павлодар облыстық мәслихатының бірінші хатшысы болып Анатолий Наумчик сайланды. 2023 жылдың қаңтарында түрлі деңгейдегі 14 мәслихатқа 189 депутат сайланды.