Успен ауданында күніне екі тоннадан астам күнбағыс майы өндіріледі
Биыл ашылған цех өнімдері сатылымға қойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Успен ауданының әкімі Нұрболат Мақашев мәлім етті.
– «Галицкое» ЖШС толық көлемде жұмыс істеп тұр. Осы жылы «Успен-Май» маркасымен жалпы қуаттылығы күніне 2,2 тонна күнбағыс майын өндіретін цех ашылды. Бүгінгі таңда күнбағыс майлары облыстағы өтетін жәрмеңкелерге қойылуда, – дейді Нұрболат Мақашев.
Ауданда май өндірісінен бөлек, Константинов ауылындағы «РЭГтайм» шаруа қожалығы сүт өнімдерін халыққа ұсынуда.
– Бұл қожалықтың өнімдері облыс аумағын қамтуда. Қосымша жәрмеңкелерде де сатылымға қойылды. Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша жұмыс істеп жатқан тұрғындардан алынатын сауылған сүт аталмыш кәсіпорынға өткізіледі. Осылайша алдағы уақытта шаруашылықтың жұмысын ұлғайтатын боламыз, – дейді Нұрболат Мақашев.
Аудан әкімінің айтуынша, «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде ауыл шаруашылығы коперативтерінен құрылып жатқан шаруалардан сүт өнімдерін сатып алу бойынша алдын ала келісім шарттар жүргізілуде.