Павлодар балалар ауруханасындағы стерильділік қалай қамтамасыз етіледі?
Ауруханадағы төсек-орын жабдықтарының сыртқы түріндегі өзгерістер – балалардың қауіпсіздігі үшін жасалатын қатаң дезинфекцияның нәтижесі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық балалар ауруханасы баспасөз қызметінің мәліметінше, төсек-орын жабдықтары – матрастар, жастықтар мен көрпелер – санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес міндетті түрде камералық дезинфекциядан өтеді.
– Бұл инфекциялардың таралу жолдарын үзу және пациенттер мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жүргізіледі, – делінген хабарламада.
Ведомствода атап өткендей, пациент бөлімшеден шығарылғаннан кейін төсек-орын жабдықтары таңбаланған тасымалдау қаптарына салынып, дезинфекциялауға жіберіледі.
– Бөлек орау ластанған және таза киім-кешектің жанасуын болдырмай, айқас жұқтырудың алдын алады. Одан әрі дезинфекциялаушы маман лас киім-кешек пен жұмсақ жабдықтарды жинап, өлшеп, дезинфекция цехына жібереді. Жабдықтар пайдалану паспортында көрсетілген жүктеу нормаларын сақтай отырып, дезинфекциялық камераға салынады. Бұл будың барлық қабаттарға біркелкі енуін қамтамасыз етеді, – дейді мамандар.
Зарарсыздандыру ауа-бу әдісімен 80–90°C температурада 20 минут ішінде жүргізіледі. Мұндай режим көптеген бактериялар мен вирустарды жоя отырып, бұйымдардың пайдалану қасиеттерін сақтайды. Өңдеу аяқталғаннан кейін таза төсек-орын жабдықтары арнайы сөрелерге қойылып, таңбаланған қаптармен бөлімшелерге жеткізіледі. Әрбір дезинфекциялау циклі журналда міндетті түрде тіркеледі.
Дәрігерлердің айтуынша, жоғары температура, қаныққан бу және көп реттік өңдеу жұмсақ жабдықтың сыртқы түріне әсер етуі мүмкін. Сондықтан матрастар мен жастықтардағы тозу немесе түстің өзгеруі – ластанудың белгісі емес. Керісінше, бұл тұрақты камералық дезинфекция жүргізіліп, кішкентай пациенттердің қауіпсіздігі толық қамтамасыз етіліп отырғанының айқын көрсеткіші.