Ақтоғай ауданындағы ауылдарда қашан медпункттер салынады?

Ақтоғай ауданындағы ауылдарда қашан медпункттер салынады?

Биыл ауданда үш медпунктте күрделі жөндеу аяқталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Арынов мәлім етті. 

– Шұға және Шілікті ауылдарында медпункттер салу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта сараптаманың аяқталуын күтіп отырмыз. Бұл сұрақпен құрылыс басқармасы айналысуда, – дейді Қаршыға Арынов.

Аудан әкімінің сөзінше, Жалаулы мен Әуелбек ауылдарында дәрігерлік амбулаторияда және Мүткенов ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пунктте күрделі жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр.

– Мердігер бір жарым ай бойы жұмыс істеуде. Қабырғалардан басқасының барлығы ауыстырылатын болады, – дейді Қаршыға Арынов. – Алдағы екі-үш айда жұмыстар аяқталады деп ойлаймыз.

Жалпы аудан медициналық техникамен 84,8 %-ға  жабдықталған. Сондай-ақ ауданда медицина мамандары тапшы.

Естеріңізге сала кетейік, аудан тұрғындары ақпан айында облыс әкімімен кездесуде жергілікті медицина саласына қатысты мәселені көтерген болатын. Тұрғындар Шұға, Шілікті ауылдарында медпункттер салуды сұраған.

Фото: Константин Шелков