Павлодар облысына тұмауға қарсы 80 мың доза вакцина жеткізілді

Қазақстанда15 қыркүйектен бастап тұмауға қарсы иммундау науқаны басталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенов 2025-2026 жылдардың эпидемиялық маусымында тұмау, ЖРВИ және COVID-19 коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу шаралары туралы қаулыға қол қойды.
– Құжатқа сәйкес, елде 15 қыркүйектен бастап тұмауға қарсы иммундау науқаны басталады. Осы мақсатта Павлодар облысына Ресейде өндірілген 80 мың доза «Гриппол Плюс» вакцинасы жеткізілді, – деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасында. «Гриппол Плюс» – тұмаудың алдын алуға арналған үш валентті вакцина. Ол Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына сәйкес жасалған және жыл сайын айналымда болатын тұмау вирусының штамдарына бейімделіп жаңартылып отырады.
Басқарманың мәліметінше, тәуекел топтарындағы азаматтарға вакцинация тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүргізіледі. Оларға 5 жасқа дейінгі балалар, 60 жастан асқан азаматтар, денсаулық сақтау қызметкерлері, жүкті әйелдер және созылмалы аурулары бар адамдар жатады.
Сонымен қатар, сақтандырылған азаматтар екпені міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеті аясында ала алады.
Вакцина салдыруға тауық протеиніне немесе вакцина компоненттеріне аллергия болғанда, бұрын тұмауға қарсы вакцинаға аллергиялық реакция байқалғанда, жедел қалтырау жағдайында немесе созылмалы аурулар асқынған кезде, жіті респираторлық вирустық инфекция немесе жіті ішек аурулары кезінде (вакцинация тек температура қалпына келгеннен кейін жасалады) рұқсат етілмейді.
Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы эпидемиялық маусым қарсаңында тұрғындарды уақытылы вакцинациядан өтіп, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырады.